377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысының Қобда ауданына туристердің қызығушылығы артты

  • 218
  • UPD: 18:14, 19.01.2020

Ақтөбе облысының Қобда ауданына туристердің қызығушылығы артқан. Тек былтырдың өзінде «батырлар мекені» атанған өлкеге 30 мыңға жуық саяхатшы барыпты. Оның басым бөлігі тарихи, мәдени ескерткіштерді аралап, сол маңның тұмса табиғатын тамашалаған. Туристер көбейген соң жергілікті билік те жұмысты ширатып, биыл тағы бірнеше жобаны іске асырмақ.

Амантай Берденовтің аудан орталығынан тұрғызған қонақ үйі мен кемпингі биылғы туристік маусымға толық дайын. Былтырдан бері мейман қабылдауды бастаған жол бойындағы нысан қызмет көрсету сапасын жақсартып келеді. «Самара-Шымкент» жолы арқылы сапарға шыққан жолаушылардан өзге өлкеге келген туристер де осында аялдайды.    

Амантай Берденов, кәсіпкер:

- Газ станциясын қойғымыз келіп отыр. Жылы Бокстар салғымыз келеді жол-жөнекей жүрген машиналарға. Енді қызмет ету ғой біздің басты шаруамыз. Келген адам қарасын Қазақстанда оның ішінде Қобда ауданында жақсы ғимараттар бар. Бүкіл осы жерде жатқан балалардың, бәрінің сол тарихи орындарын белгілеп, осы жерге іліп-іліп қойдық көрсін деп. 

Ауданның әсем табиғаты мен тарихи ескерткіштері талайды таңқалдырмай қоймайтыны рас. Есімдері аңызға айналған батырлар қорымы мен киелі жерлер тек ғалымдарды ғана емес, қарапайым адамдарды да қызықтырады. Ал туристер тартуға арналған аудан жоспары осыдан үш жыл бұрын бекітілген. Нәтижесінде Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі насихатталатын патриоттық орталық пен Қобыланды батыр мен 14-15 ғасырлардың жауһары Абат-байтақ кесенелерінен құралған арнайы бағыт жасақталды. Былтыр осы үш бірдей орынға келуші туристердің саны 24 мыңға жуықтаған.

Жанаргүл Бибітова, Қобда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Қобыланды батыр кесенесіне 10 200 адам келді. Олар Ресейдің приграничный райондарынан. Оқушылар мен студенттер. Көбінесе Россиядан келеді, былтыр Канададан келді. Германиядан көп келеді. Блогерлар өз инициативасымен келеді. Өткен жылы екі бригада келді.

Ауданға келуші туристердің басым бөлігі ел азаматтары болғанымен шетелдіктердің де саны артып келеді. Тек былтырдың өзінде солтүстіктегі көрші елден меймандар көп келген. Сәйкесінше оларға көрсетілетін қызмет сапасы да арттыруды қажет етеді. Өткен жылы екі бірдей ескерткіш кешеніне 80 млн теңгенің күрделі жөндеуі мен абаттандыру жұмысы жүргізілген. Жолдар түзеліп, екі бірдей кемпинг іске қосылды.

Гүлбаршын Ерғалиева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудандық филиал меңгерушісі:

- Кезінде Әлкей Марғұлан атап кеткен «Ашық аспан астындағы мұражай» дейміз ғой. Сол жерге келушілер өте көп. бізде Қобда жерінде басқа да киелі орындар ашылып, алдағы уақытта «Ұлы даланың жеті қырына» енетін «Рухани жаңғыру» аясында көптеген тарихи орындар ашылуы әбден мүмкін.

Аудан әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, меймандарды күтуге арналған тағы екі нысан салу көзделіп отыр. Ал туристік маусым алдағы көктемнен басталмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы