376,77 415,79 5,95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аягөздік 50-ге жуық көп балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан

  • 143
  • UPD: 09:46, 20.01.2020

Былтыр Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында 175 адам мемлекеттік грант иеленіп, өз кәсібін ашқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ішінде 57 көп балалы отбасы да бар. Бірі ата кәсібіміз мал шаруашылығымен айналысып жатса, енді бірі көлікке қызмет көрсету нүктелерін ашуда. Мемлекеттің қолдауымен еңбекке ұмтылған 50-ге жуық жан атаулы әлеуметтік көмектен де бас тартыпты.

«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақпыз. Соңғы жылдары Аягөз ауданында көп балалы отбасылар саны артып келеді. Олардың ішінде мемлекет қолдауымен өз кәсібін ашуға ниеттенгендер де аз емес.

Берекелі шаруасымен көпке үлгі болып болып отырғандардың бірі – Нұржан мен Әсемгүлдің отбасы. Олар 5 бала тәрбиелеп отыр. Отағасы теміржол саласында еңбек етсе де, бір жалақыға қарап отырмай, өз жобаларын жүзеге асырыпты. Арнайы оқытудан өткен Әсемгүл 505 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болды. Оған мал сатып алыпты.

Әсемгүл Сейітова, көп балалы ана:

– Ештеңеден қорықпай, мемлекетіміз көмектесіп, қаржылай көмек беріп отырған кезде Үкіметке қол жайып, отыра беруге болмайды.

Нұржан Ғабдуллин, отағасы:

– Әкем өмір бойы мал баққан. Бір жалақыға қарап отырмай, өзіміздің болашағымызды ойлап, мал өсіріп жатырмыз. Барлықтарына айтар едім, мал болмаса да, басқа бизнес ашып, дамытса, еліміз 30 ел емес, 10 елдің қатарына қосылатын жағдайы бар. Тек қана еңбек!

Мұндай үлгілі отбасылар аз емес. Өз кәсібін ашып, талпынған 50-ге жуық көп балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан. Сондықтан аудан әкімдігі биыл гранттар санын да бір жарым есеге көбейтпек.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

– Біз биылғы жылы 250-ден астам грант аламыз деп есептеп отырмыз. Көп балалы аналар түсіне бастады. Атаулы әлеуметтік көмекке қарап отырмай, айына 50 мың, 100 мың, 150 мың теңгеге дейін алып жатқандар бар. Ақшаны үнемдеп алып, сол ақшаға кәсібін ашып жатқандар бар. 50-ге жуық жанұя атаулы әлеуметтік көмектен өздері шығып кетті. Себебі олар өздерінің тапқан табыстарымен шаруашылықтар ашып, мал алып жатыр.

Аягөздік аналар жаңа жылдан бастап жаңа тәртіппен беріліп жатқан мемлекеттік жәрдемақыға да ризашылықтарын білдіруде. Қазірдің өзінде 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан, 42 500 теңгеден 73 мың 370 теңгеге дейін қаражат төленіп жатыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы