430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылықтардың ашу-ызасын тудырған сауда үйіндегі хайуанаттар бағы жабылады

  • 513
  • UPD: 10:28, 20.01.2020

Алматының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Ауылшаруашылық министрлігіне жыртқыш аңдарды ұстайтын қарым-қатынас хайуанаттар бағының жұмысына тыйым салу үшін арнайы хат жолдамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аталған бақ жұмысы ешқандай заңмен реттелмеген дейді мамандар. Бұл мәселе кәсіпкердің арыстан, жолбарыс пен қара қабыланның күшігін сауда үйінде ұстап, алматылықтардың ашу-ызасын тудырғаннан кейін күн тәртібіне қойылып отыр.

Бұл – Алматыдағы ірі сауда орталықтарының бірі. Таңертеңгі онда ашылып, түнгі онда жабылады. Кең далада еркін көсілетін жыртқыш аңдардың күшіктері әзірге кәсіпкердің жұмыс тәртібіне көнуге мәжбүр. Жайғасқан жерлері де мәз емес. Торлары тар, ал едені қыштан, оның үстіне күннің көзі де түспейді. Осы жағдайды көрген белсенділер кәсіпкерден бұл ісін тоқтатуын талап еткен.

Сергей Снегирев, жануарларды қорғау қоғамдық ұйымының жетекшісі:

– Ол жерді өз көзіммен көрдім. Бұл жануарларды қорлау деп білемін. Тамаша жағдай жасадым дейді. Жақсы тамақтандыратынын айтады. Арыстанның күшігімен ойнап жатқан видеоны әлеуметтік желіге салыпты. Бірақ ол күшіктің басқа амалы бар ма? Егер ол табиғатта жүретін болса, оған көңіл де аудармас еді. 

Мәселе қоғамда қызу пікірталас тудырған соң, бұл іске қалалық әкімдік те араласты. Олар сауда орталығының әкімшілігімен аталған қарым-қатынас хайуанаттар бағымен келісімшартты бұзу керектігі туралы уағдаласыпты.

Қарлығаш Әбдіжаппарова, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалға беруші келісімшартты бұзатыны туралы кәсіпкерге 90 күн бұрын хабарлауы тиіс екен. Қазір біз оны 30 күнге дейін қысқартуды қарастырып жатырмыз.

Енді кәсіпкер қолындағы жыртқыш аңдардың алдағы жағдайын ойлауы тиіс. Бұл аңдар Қазақстанға Ресейден әкелініпті. Айта кететін бір жайт, Ресейде бірінші қаңтардан бастап қарым-қатынас хайуанаттар бағына тыйым салынған. 

Қарлығаш Әбдіжаппарова, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

– Енді бұл кәсіпкер Алматыда басқа ғимарат іздеуі мүмкін. Сондықтан өзге жалға берушілер де біздің бастамамызды қолдайды деп ойлаймын. Егер әлдекімдер қарым-қатынас хайуанаттар бағын ашамыз деп келсе рұқсат бермеңіздер.

Алматыдағы сауда орталықтарында мұндай үш хайуанаттар бағы бар. Бірақ ешқайсысы жыртқыш аң ұстамайды. Енді Ауыл шаруашылық министрлігі Алматы әкімдігінің ұсынысын қолдаса, қарым-қатынас хайуанаттар бағы жабылуы мүмкін.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы