418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Төленбеген алиментті баланың ата-әжесінен өндіру қаншалықты заңды?

  • 474
  • UPD: 20:43, 20.01.2020

Ажырасқан ата-аналардың балаларына алимент төлемеу мәселесі елімізде жыл өткен сайын күрделеніп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Амалы таусылған мамандар енді аталмыш қаржыны баланың ата-әжесінен өндіріп алуды көздеп отыр. Алайда, ол қаншалықты заңды және дұрыс? Жалпы жауапкершілікті сезінбейтін ата-аналарға қандай шара қолданған жөн?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Аузы байланған баламен сөйлесіп тұрған оның әкесі. Желіде тараған ұзақтығы үш минутқа жуық видеода бүлдіршіннің аяқ-қолын шешуге тырысқан адам жоқ. Керісінше, кадр сыртындағы әйел масқаралап дауыстап, «көршінің бәрін шақыр көрсін», деп айқайға салады.

Осы видеоны дәлел ретінде пайдаланып баланың әкесі екі жыл бұрын ажырасып кеткен әйелінің үстінен арыз жазған. Алайда, оқиғаның мән-жайын тексерген полицейлер анасының видео түсіріліп жатқан кезде үйде болмағанын айтады.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Әркім өз уәжін айтып жатыр. Бірақ ол қаншалықты рас. Дәлелі бар ма, жоқ па? Оны енді тергеу барысында анықталады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Тексерген кезде баланың денесінен ешқандай жарақат табылмаған. Бірақ сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы болады.

Сегіз ай бойы алименттің төленбеуі ажырасқандар арасында үлкен дау тудырды. Ал шайқалған шаңырақтың ортасында екі бала қалды. Видеодағы бүлдіршінді байлап тастаған анасы ма, жоқ әлде оған қарсы әрекет еткен әкесі ме, қазір белгісіз. Мәселенің мән-жайы тергеуден кейін белгілі болады.

Өкінішке орай мұндай жағдайлар елімізде жиі кездеседі. Алимент мәселесін шешу үшін тиісті заңға өзгерістер енгізу де ұсынылған. Қоғамда дау туғызған осындай бір ұсыныстардың бірін Әділет министрі Марат Бекетаев айтқан болатын. Ведомство басшысы алимент төлеуді баланың ата-әжесінің мойнына жүктеуді ұсынды. Алайда, сот орындаушылар палатасы өкілінің айтуынша, мұндай норма заңда бұрыннан бар.

Ерлан Онтаев, Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:

- Неке және жанұя туралы заңымызда 152-бапта баланың өзінің әке-шешесінен болмаса, өзінің аға паларынан алимент өндіру мүмкіндігі болмаған жағдайда, егер атасы мен әжесінде материалдық мүмкіндік болатын жағдайда бұл бала сот арқылы атасы мен әжесінен алимент өндіруге болады деген оның құқығы бекітіліп қойған заңда.

Осы орайда проблеманы шешу үшін сот орындаушылары палатасы баланың алиментті ата-әжесінен өндіру құқығын сот орындаушыларға да беруді ұсынды. Мамандар «бұл табысын жасырып, бар мүлкін туған туыстарына аударатындармен күресу үшін таптырмас тәсіл», деп отыр.

Ерлан Онтаев, Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы:

- Сот орындаушылардың жұмысына бұл жеңілдік болады. Ажырасып жатқан кезде алмент төлеуге тиісті тарап өзінің атындағы мүліктерді міндетті түрде басқа адамның атына ауыстыруға тырысады. Соның ішінде өзінің әке-шешесінің атына үйді ауыстырып қоюы мүмкін. Бұл норма біздің қоғамға зияны тимейтін норма деп ойлаймын.

Алимент төлемеу үшін борышкерлер түрлі айлаға барады. Шынайы табысын жасырады, үйі мен көлігін басқа адамның атына тіркейді. Бірақ қай жағдайда да бала алдындағы жуапкершілік жоғалмайды. Жалпы бүгінгі таңда республика бойынша 200 мыңға жуық борышкер бар.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы