376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаркент қаласындағы мектепті жылытуға сұйық отын жетпейді

  • 97
  • UPD: 22:20, 20.01.2020

«Балаларымыз суық мектепте білім алып жатыр».

Осылай деп Алматы облысы Жаркент қаласының тұрғындары арнамызға хабарласты. Ата-аналардың шағымы негізінде «Хабар 24» түсіру тобы аталған білім ордасына барып, мәселенің мән-жайына үңіліп қайтты.

Рехимям Масимова арнамызға хабарласып, өзекті мәселені көтергендердің бірі. Оның екі баласы Надежда Крупская атындағы мектепте оқиды екен. «Білім ошағының суықтығынан ұлдарым сырқаттанып қалды», - дейді ол.

Рехимям Масимова, Жаркент қаласының тұрғыны:

- Екі балам ауырды. Температурамен. Жаңа жылдан кейін. 30-31 үйде жатқан ғой олар. Он күн демалды, жеті күн ауырды.

Білім ордасы 1980 жылы салынып, 18 жыл бойы көмірмен жылытылған. Содан кейін сұйық отынға көшіріліпті. Бар мәселе осы кезден басталған екен.

Ахмед Исаков, Жаркент қаласының тұрғыны:

- Бұрын көмірмен жағатын еді. Ол жақсы еді. Мына қазандық барлығы құрыды. Жаңадан пешті бекітті. Міне, осылай болып жатыр. Кетеді міне, батарея қатып қалмайтынға тұрады.

Мектеп 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Сол кезде пеші ауыстырылғанымен, жылу жүйесі жаңартылмапты. Мекемедегі температуралық режимінің төмендеуіне үнемшілдік те себеп болған. Өйткені бөлінген сұйық отын қоры жылыту маусымына  жетпейді екен.

Зинатбүбі Ниязова, мектеп директоры:

- Мектептің аумағы 5300 квадрат метр. Мектепке 53192 литр бөлінген. Әрине, ол бөлінген солярка 24 сағатқа жетпейді. Бүгінгі күні ол мәселелер шешіліп жатыр.

Тұрар Қастеев, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Аудан басшысымен бірлесіп, әртүрлі мәселелерді қабылдап жатырмыз. Және де қосымша қаражат қабылдап, газ тарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Және де қосымша қаражат қарастырып, қазір шешілу үстінде. Сондықтан алдағы уақытта бұл мектепте алаңдайтын еш мәселе жоқ.

Қазір мектеп іші жылытылып, жағдай тұрақталды. Дегенмен, қабырғалардан суық өтіп кеткендіктен, бұрыштар көгере бастаған. Қалыптасқан мәселеге байланысты жауаптылар қанатқақты жоба әзірлеп, мекемені көгілдір отынға қосудың қамына кірісті. «Алдағы бірер айдың ішінде барлығын ретке келтіреміз», деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы