413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарқаралыдағы волонтерлер ерекше челлендж бастады

  • 442
  • UPD: 14:28, 21.01.2020

Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданының волонтерлары «2020-сыншы жылға 2020 қайырымды іс» деп аталатын ерекше челлендж бастады.

Әр ауылдың еріктілері қандай да бір қоғамдық жұмысты қолға алып, оны әлеуметтік желі арқылы келесі ауылға жолдайды. Осылайша талапты жастар жыл соңына дейін талай шаруаны тындыруды жоспарлап отыр. Айта кету керек, аудандағы бұл волонтерлар орталығы еліміз бойынша ең үздік үштіктің құрамына енген. 

Дәурен Рахымбек Қарқаралыдағы агротехникалық колледждің студенті. Ол оқуға өзге өңірден келсе де, аудан жастарының басын біріктіріп, волонтерлар орталығын құрған. Тіпті 20 ауылда бөлімшелерін де ашып үлгеріпті. Қазір олардың қатары 500-ге таяған. 

Дәурен Рахымбек, Қарқаралы аудандық волонтерлар желісінің төрағасы:

- Айта алмаймыз, 20 селолық округтің барлығы белсенді деп. Дегенмен де, 10-нан астамы қазіргі таңда белсенділік танытып, «2020 жылға 2020 игі іс-шара» деген эстафета жолдадық. Ол эстафета барысында өз көшелерінің қарларын күрейді немесе бір жақсылық іс-шарасын жасайды. Соны біз әлеуметтік желіміздің парақшасына саламыз да, бір-бірімізге жолдап, керемет шара ұйымдастырып жатырмыз. 

Волонтерлар аудандағы 100-ге жуық соғыс және тыл ардагеріне барынша көмек жасап келеді. Үй шаруасын тындырып, дүкеннен немесе дәріханадан керек-жарағын жеткізіп береді. Ал жуырда науқас баланың еміне ақша жинауға көмектескен. Сондай-ақ түрлі экологиялық жобаларды да жүзеге асырыпты. 

Хасен Мырзаханов, тыл ардагері:

- Көңілім толады, жиі келіп тұр. Еңбектерін аяп жатқан жоқ. Көмірімізді кіргізіп береді, ағашымызды жарып береді. Бізге негізгі керегі осы ғой. Енді бүгін келіп қар күреп жатыр. Біздің мына қарды күреуге шамамыз келмейді, мысал үшін. 

Асқар Қуаныш, волонтер:

- Тек біздің тарапымыздан көмек емес, ол кісілерден біз де көптеген көмек алып жатырмыз. Себебі біз олармен әңгімелесеміз. Ол кісілер өздерінің қанша жастан, қайда жұмыс жасағанын айтып, біз соны өз қатарымыздағы еріктілерге, жастарға үлгі ретінде айтып отырамыз. 

Дәурен табанды еңбегінің арқасында жуырда еліміздің «ең үздік волонтеры» атанды, ал ол басқарып отырған орталық ең үздік үштікке енген. Айта кету керек, волонтерлық орталық мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Сондықтан облыс әкімінің қайтарымсыз грантын жеңіп алған жастар таяуда Қарқаралыдан шағын дәмхана ашқан. Тапқан табыстарының барлығын волонтерлық орталықтың жұмысын жетілдіруге жұмсаймыз, - дейді олар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

 

Хабар 24 телеарнасы