421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында 3 жасар баланы өлтірген қаскүнем өмір бойы түрмеде отырады

  • 526
  • UPD: 23:49, 21.01.2020

Бүгін Қарағанды облысында 3 жасар баланы өлтірді деп айыпталған Игентай Сопыжановқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Мұндай жазаны мемлекеттік айыптаушы мен қаза болған баланың анасы сұраған болатын. Сот отырыстары алқабилердің қатысуымен өтті.

Игентай Сопыжанов ҚР қылмыстық кодекстің кәмелетке толмағанды ұрлау, адамды кепілге алу және адам өлтіру баптары бойынша қамауға алынып, 5 ай бойы тергеу сараптамаларынан өтті. Оның жасаған қылмысы толыққанды дәлелденді. Өмір бойы бас бостандығынан айырылудан бөлек, Сопыжанов баланың анасына 5 млн теңге көлемінде өтемақы төлейтін болды.

Ника Васильева, жәбірленуші:

– Өмір бойы бас бостандығынан айыру – әділ жаза. Біз ату жазасын сұрайын дегенбіз, бірақ бұл жазамен оңай құтылып кететінін ойладық. Моральдық өтемақы туралы арыз жаздық. Оғанда себеп бар. Ол түрмеде мемлекеттің ақшасын жеп, тыныш ұйықтамауы керек. Еңбекке салынып, өмірде ештеңе оңайлықпен келмейтінін түсінуі қажет.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Игентай Сопыжанов сәбиді өлтіргенде аса қатыгездік танытқан. Сот отырысында прокурор сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң қауіпсіздік режиміндегі колонияда өтеуі керектігін алға тартқан болатын. Бұл ұсыныс қанағаттандырылды. Айта кету керек, Игентай Сопыжанов сот отырыстарында өз өзіне қол жұмсап, алқабилерге қысым көрсеткені де сот ісінде тіркелді.

Бекзат Алғымбаев, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судья-үйлестірушісі:

– Сот отырысы ашық түрде өтті. Сопыжановтың әрекеттерін барлығы көрді, ол судья мен алқабилерге өз өзіне қол жұмсап, қысым көрсетті.

Бүгін шығарылған сот үкімі заңды күшіне 15 күн ішінде енеді. Игентай Сопыжановтың қорғаушысы жазаны жеңілдету үшін өтініш білдірмек. Естеріңізге сала кетсек,2019 жылдың қыркүйек айында Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Бұрма ауылында жантүршігерлік оқиға болды. Бұған дейін де кісі қанын арқалап істі болған қылмыскер тапа-тал түсте ауыл ішінде үш жасар сәбиді анасының қолынан тартып әкетіп, өлтірген болатын.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы