447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде мал терісінің құнсыздануына не себеп

  • 387
  • UPD: 20:00, 21.01.2020

Елімізде мал терісі өтпей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құнсызданып кетті. Жартысынан көбі лақтырылады. Күні кеше тірі малды экспорттауға тыйым салынған соң, аталған проблема тіптен ушығып кетпей ме? Яғни өзі өтпей жатқан терілер енді мүлдем көбейіп кетпейді ме?

Елде жылына 2 миллионнан астам ірі қара сойылады. 70 мың тоннадай тері алынады. Соның 30 проценті ғана өңделеді.

Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қалған 70 пайызын қайда жібереміз? Оның бәрі қазір шіріп жатыр. Ауылдағылар тапсыратын орын болмаған соң бәрін лақтырып жатыр.

Тері неге өтпей қалды? Себебі былтыр наурыздан қыркүйекке дейін елде тері экспортына тыйым салынды.

Асылжан Мамытбеков, Қазақстан ет одағының басқарма төрағасы:

– Мұнымен елдегі тері өндірісін жақсартайық деп едік. Бірақ нәтиже күткендей болмады. Экспортқа тыйым салған соң терілер құнсызданып кетті. Бұрындары мал сойған шаруалар тері үшін 10 мың теңге алатын. Қазір бір теңге де берілмейді. Қайта сол теріні өртеп жоюға өздері ақша шығарып шығынданады. 

Бір кездері теріні сырт елдерге сатуға тыйым салынған соң өз ішімізде оның құны да төмендеп кеткен. Баға әлі өспеді. Шаруалар терілерді тиын-тебенге өткізіп келеді. Әйтеуір шіріп кетпесін деп.

Серік Рахымбаев, кәсіпкер:

– Біз бұрын терінің келісін 300 теңгеден сатып жүрдік. Қазір терінің келісі 40-50 теңгеге түсіп кетті. Біздің тері Ресейге, Қытайға, Түркияға кететін. Ал одан кейін Үкімет теріні сатуға тыйым салған соң, шекарадан тері өтпей қалды. Сол үшін ол теріні ешкім алмай қойды.

Елде бүгінде тері өңдейтін 14 кәсіпорын бар. «14» деген аты ғана. Әйтпесе тек жартысы ғана жұмыс істейді. Оның өзінде толық қуаттылықта емес.

Әлия Бухабаева, ҚР ИИДМ комитеті басқармасының басшысы:

– Бүгінде 7 өндіріс орнында жұмыс тоқтап тұр. Қалған жартысы 5-20 процент қуаттылықпен ғана істейді. Себебі айналымда қаражаттары аз. Кәсіпорындарды жаңғырту қажет.

Тері өңдейтін кәсіпорындарға қолдаудың жоқ екенін депутат та айтып қалды. Әсіресе, ауылдардағы ағайынның тері өңдеуге құлқы болғанмен, қаражаты жоқ. 

Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бізде әсіресе ауылдағы азаматтар кооператив құрып, тері немесе жүн өңдейтін кәсіпорын ашқысы келсе, оған қаражат таба алмайды. Өйткені кредиттер ауылдық жаққа әлі де қолжетімсіз.

Елдегі малдың шамамен 80 проценті жекеменшіктің қорасында. Сол қорада талай тері тулақ боп жатыр. Ал бір күнде 3 мыңға жуық тері өңдейтін Түркия яки Қырғызстан, Қытай сияқты бізге де осы бір жеңіл өнеркәсіпті дамытуға не кедергі? Мал жетеді. Шикізат жоқ емес. Бірақ іс сонда да жолға қойылмай тұр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Асхат Қарақойшиев, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы