419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы апатты үйдің тұрғындары баспаналарына оралғысы келмейді

  • 612
  • UPD: 20:41, 21.01.2020

Алматыдағы «Зерделі» ықшамауданында мемлекеттік бағдарламамен салынып, бүгінде апатты деп танылған №117 үйдің тұрғындары баспаналарына қайта оралғысы жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті биліктің аталмыш баспана іргетасын нығайтқан соң тұруға жарамды деген мәлімдемесі де көңілге медеу болмай тұр.

Айта кетейік, бұл үйдегі жарықшақ өткен жылдың желтоқсан айында байқала бастаған еді. Содан бері ол 14 см-ге қисайып кеттідейді тұрғындар.

Айгерім Қабышева – осы екі бөлмелі пәтердің иесі, көпбалалы ана. Көп уақыт үй кезегінде тұрды. Баспаналы болғанда көпшілікпен бірге қуанған. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмады. Үйді салу кезінде құрылыс талаптары мүлдем сақталмаған.

Ералы Шоқпаров, «Қазақ құрылыс-сәулет және жобалау ҒЗИ» АҚ атқарушы директоры:

– Үйдің қисаюының бірінші себебі – іргетастың астына судың пайда болуы. Судың пайда болуынан іртетас астындағы топырақ ылғалданып, жүк көтергіш қасиеті азайған. Ол жерде сары топырақтың орнында кей жерлерде құрылыс қалдықтарын таптық.

Бір айдан астам уақыт бұрын апатты үйден үдере көшкен тұрғындармен аудандық әкімдік өкілдері кездесу өткізді. Жиналыста үйді іргетасын нығайту, жан-жағын бекіту жұмыстары басталатындығын айтқан. Алайда қалыпты нүктесінен 14 см ауытқыған үйге ешкімнің қайтып кіргісі жоқ. Өйткені оның одан бетер қисайып, қирап кетпеуіне ешкім кепілдік бермейді.    

Эльмира Әлімжанова, қала тұрғыны:

– Қалыпқа келтірілсе де, біз бұл үйге тұруға мүлдем қарсымыз. Өйткені бәрібір бұл үйде қауіп өте жоғары. Ешкім кепілдік бермейді, қанша жыл ол тұрады. Біз 1-2 жыл тұрып кететін адам емеспіз. Өйткені бұл үйге «Қолжетімді баспана» арқылы біз жас отбасы ретінде қолымызды зорға жеткіздік.

Айжан Балқыбекова, қала тұрғыны:

– Біз тұрғындардың көзінше, үйге вибрация жасауды талап етеміз. Себебі біздің көзіміз жету керек. Ал бізге ол вибрацияны жасауға кешегі жиналыста қажеттілігі жоқ деді. Егер қажеттілігі жоқ болса, оған дәлелді қағаздарды біздің көзімізге ұсынғанын талап етеміз. Егер бізге жаңа үй берілмейтін болса, онда осындағы 72 тұрғынның барлығына нарықтық бағада үйдің ақшасы берілсін. Біз өз ыңғайымызға қарай бала-шағамыздың ыңғайына қарай үйді басқа жақтан табамыз.

Бірақ апатты үйдің берекесі қашқан тұрғындарына қала әкімдігінің жауабы – қаржы берілмейді, жаңа пәтерлер де үлестірілмейді. Қисайған үйді түзетеміз, қалыпқа келтіріп, қауіпсіз етеміз дейді. 

Руслан Сақтағанов, жайлы қалалық орта басқармасының бөлім басшысы:

– Қисайған үйді түзетіп, іргетасын бекітіп, қабырғаларын нығайтамыз. Ол үшін арнайы инженерлік жоба әзірленді. Барлық жұмыс сараптама жүргізген мамандардың бақылауымен жүргізіледі.

Алмас Садуақас, тілші:

– Апатты үйден көшірілген барлық тұрғын қазір жақын маңдағы жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүр. Ал бұл үйді жарықпен, сумен және жылумен қамтамасыз ету тоқтатылды. Дегенмен пәтер иелеріне әлі күнге дейін коммуналдық төлем туралы қарыздардың келіп жатқаны мүлдем түсініксіз.

Апатты үйде тұрған 72 отбасының көбінде 3-4 баладан бар. Олар осы аудандағы балабақшалар мен мектепке барады. Сондықтан тұрғындар уақытша жалдамалы баспананы осы маңнан таңдаған. Бар шығынды Алатау ауданы әкімдігі өз мойнына алды. Бірақ жаңа үйге қоныстандыру туралы шешім жоқ. Мұнда жалпы көп қабатты 32 үй бар. Олардың техникалық жағдайы мамыр айына дейін толық тексеріледі дейді әкімдік.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы