430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында шетелдік мамандарға берілетін квота саны үш мыңға азайды

  • 531
  • UPD: 08:32, 22.01.2020

Биыл Маңғыстау облысындағы кәсіпорындарға шетелден маман тартуға белгіленген квота саны үш мыңға азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2020 жылға бас-аяғы 2530 квота бөлінген. Оның 800-дейі құрылыс саласын қамтиды. Сондай-ақ тау-кен өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіпке баруға үш жүзге жуық шетелдік азамат рұқсат алған. Тағы жүзден астамы балық және ауыл шаруашылығымен айналысады.

Айта кетейік, былтыр осы аймақтан 671 еңбек мигранты шығарылды. 2019 жылы шалғай өңірге алыс-жақын мемлекеттен 110 мыңнан астам адам кірген. Олардың жеті мыңға жуығы тиісті құжатсыз жұмыста жүргені рейдтік тексерумен анықталып, әкімшілік жазаға тартылды. Ал еңбегі заңдастырылған 55 мыңнан астам шетелдік азамат қазынаға 170 млн теңге пайда түсірген.

Гүлшара Бастаубаева, облыстық көші-қон қызметі басқармасының басшысы:

Шетел азаматы Қазақстан Республикасына кіргеннен кейін бұрынғыдай көші-қон қызметіне тіркелмейді. Мемлекеттік шекарадан өткен кезде автоматтандырылған түрде бірден тіркеу жасалып беріледі. Ал егер де бір айдан артық болатын болса, онда ол келген мекенжайына барып, ұзартуға құқығы бар. Бір жылдың ішінде заң талаптарына қайшы келетін әрекет жасап не болмаса жұмыста жүрген болса, , барлық әкімшілік материалдары сотқа жолданады.

Хабар 24 телеарнасы