379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да шетелдік жұмысшыларға берілетін квота саны екі есеге қысқарды

  • 213
  • UPD: 08:33, 22.01.2020

Батыс Қазақстан облысында да шетелдік жұмысшыларға берілетін квота саны 2 есеге қысқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін елімізде шетелдік жұмыс күшін тартып жатқан 95 компанияның қызметі тексеріліп, арнайы құрылған комиссия мыңға тарта заңбұзушылықты анықтағаны мәлім. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір қысқарту туралы тапсырма берген болатын.

«Бірдей жұмыс істейтін қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің айлық табысында алшақтық болмауы керек. Сондықтан шетелдік жұмысшыларға берілетін квота көлемі азаюы тиіс». Президенттің бұл пәрменінен кейін елімізде шеттен келіп, нәпақа табатындар санын қысқарту бойынша нақты шаралар алына бастады.

Самат Хангереев, облыстық ЖҚҮӘБ басқармасы басшысының орынбасар:

- Биылғы жылға Еңбек министрлігінің бұйрығына сәйкес облыс бойынша 1440 бірлік  квота белгіленді. Былтырға қарағанда ол 2 есе қысқартылды деп айтуға болады. Оның ішінде жалпы қысқартылғанының көбі 3-4-ші квота бойынша.

Оралдағы жоғары мұнай-газ колледжі дәнекерлеуші, құбыр және электр монтаждаушы секілді төртінші санатқа қажет болатын мамандар даярлайды.

Серік Мұхамбетәлиев, колледж директоры:

- Тап бүгін бітірген түлек шетелдіктерді алмастырып, нақты жұмыс істейді деген үлкен сенім жоқ. Біз әлі оған дайындалуымыз керек. Ол үшін біз біріншіден, мұғалімдерді тәлімгерліктен алыс-жақын шетелдерде өндірістің өзінде 6 ай, 1 жылға жіберіп мұғалімдерді тәлімдемеден өткізуіміз керек. Екіншіден, біз материалдық-техникалық базамызды сол өндіріске жақындатуымыз керек.

Сарапшы пікірімен санаспауға болмайды. Шетелден келетін жұмысшылар негізінен аса дәлдікті талап ететін жоғары технологиялық жобаларда жұмыс істеуде. Мәселен, құбырларды байланыстырушы, нақты стандарттарға сай дәнекерлеуші мамандар дегендей. Ендігі міндет – қазақстандық кадрларды сол орындарға тарту. «Ол үшін халықаралық деңгейдегі оқу орындарын ашу, білікті оқытушылар құрамын жасақтау басты міндет», - дейді өңір басшылары.

Мұхтар Манкеев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Оқу процесін ұйымдастыру үшін бізАқсай қаласында Ақсай техникалық колледжінің базасында халықаралық стандарттармен оқытатын үлкен бір орталық ашқалы жатырмыз. Сол жобаны жүзеге асыру үшін бүкіл келісімшарттарға қол қойылды. Енді келесі бағытта қандай нақты құрал-жабдықтар бар, қандай инвестиция көлемі қажет екенін, қандай халықаралық стандарттармен оқытамыз, Қазақстандық стандарттарға сәйкес келетін сол колледж базасында дайындап жатырмыз.

Батыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарына негізінен Ұлыбритания, Италия және Түркия елдерінен мамандар тартылады екен. Президент тапсырмасына сәйкес келешекте олардың орнын толықтай отандық кадрлар алмастыруы тиіс.

Мұхтар Манкеев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Енді біраз туындап жатқан сұрақтардың ішінде ол әрине, қанша адамды қысқартамыз, шетелдіктерді, қанша қазақстандықтарды алып келеміз деген ой бар. Бірақ оның бәрі қазіргі таңда мына облыста атқарылып жатқан жобаларға қатысты. Сондықтан нақты саны ол 100 адам бола ма, мың адам бола ма, қазір біз айта алмаймыз, оны түсінуіміз қажет.

«Таяу жылдары өңірде мұнай-газ саласында бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Квотаны қысқарту арқылы ішкі еңбек нарығын білікті емес шетелдік жұмыс күшінен қорғауға, қазақстандық кадрларды көбірек жұмысқа орналастыруға мүмкіндік туадый», - дейді сала мамандары. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы