375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Солтүстік Қазақстанда әйгілі сырғанақ төңірегінде дау туды

  • 208
  • UPD: 14:24, 22.01.2020

Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы әйгілі сырғанаққа қатысты шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны өз қолымен салып, балаларға қуаныш сыйлаған қария Юрий Краснопёр бұл жердің көршісіне берілгенін біліп қынжылып отыр. Енді іргелес тұратын адамдар бір-бірімен дауласып, жанжалдасып жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл жер қыста бескөлдіктердің ғана емес, қалалықтардың да сүйікті орнына айналды. Күніне мұнда жүздеген адам жиналып сырғанайды. Тіпті, ұзын-сонар кезек пайда болады.

Бағжан Айнадин, тұрғын:

– Алдыңғы жылы  осында түнде келіп жүрген едік. Көп адам жиналады. Ата-анаммен бәріміз келеміз. Менің сіңлім бар – Фарида. Ол да ылғи сұранып келеді.

Теңдік Өзбекова, тұрғын:

– Қыздарым бір ата салып бергенін айтты. Ол кісіге көп рақмет, денсаулығы мықты болсын. Бар адамның мінекей ризашылығын, рақметін алып жатыр. Ол кісі үлкен сауапы іс жасады. Бәрі міне, үлкендер де сырғанап жатыр.

Адамдардың алғысын алған ата – Юрий Краснопёр. 71 жастағы қария қыс сайын балаларға сырғанақ салып береді. Биыл бұл жердің құдайы көршісіне жазылғанын біліп, басына жай түскендей болды.

Юрий Краснопёр, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Бұл – көше жолы. Сондықтан оны біреуге беруге, сатуға болмайды. Жер ауыл шаруашылығын жүргізуге деп алынған. Иесі түк те істеген жоқ. Жай жатыр. Қалай берілгені белгісіз.

Дау болған жер Евгений Зубковтың әкесіне жазылған. Оның айтуынша, жағадағы жерді Юрий Краснопёрдің өзі алып сатпақ болған. Бұл сөзді көршілер де растап отыр.

Евгений Зубков, Бескөл ауылының тұрғыны:

– 4 жыл бұрын бәріне белгілі Юрий Адамович бір кәсіпкермен келіп жерді өлшей бастады. Мен жөн сұрап едім, үй саламыз деді. Біз көршілермен қарсы болдық. Сондықтан жерді ешкім алып қоймасын деп өзімізге аударып алдық. Бұл жазда шомылатын, қыста сырғанайтын жеріміз.

Жергілікті билік өкілдері жағдайдан хабардар. Округ әкімі Ербол Бәгеновтың айтуынша, сырғанақ салған Юрий Краснопёр екі апта бұрын оған жолығып, жерді алуға өтініш білдірген. «Ал ол бұған дейін заңды түрде беріліп қойған», – дейді әкім.

Ербол Бәгенов, Бескөл ауылдық округінің әкімі:

– Жол болып саналмайды. Ол өтпе. Ұзындығы – 20 метр, ені – 6 метр. «Пожарный проезд» дейді ғой, қосалқы шаруашылық үшін алынған.

Көршілер сырғанаққа үзілді-кесілді қарсы. Бұл жерге күніне ондаған көлік келіп, адамдар шулап кететін көрінеді. «Түнде де тыныштық жоқ», – дейді тұрғындар. Бірақ бұл қарияға ұнамай тұр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев.

Хабар 24 телеарнасы