375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы ет комбинаты толық қуатта жұмыс істей алмай тұр

  • 133
  • UPD: 16:30, 22.01.2020

Екі жыл бұрын іске қосылған Арқалық ет комбинаты толық қуатына әлі шыға қойған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған негізгі себеп – шикізат тапшылығы. Күніне 3 тонна шұжық, 1 тонна консервіленген ет шығаруға қауқарлы кәсіпорын әзірге жарым-жартылай жұмыс істеп тұр.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Торғай өңірі төрт түлікке қолайлы, жайлы қоныс. Сондықтан төскейінен қашанда мал арылған емес. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір бұл өңірде 100 мыңға жуық ірі қара бар. Бірақ жергілікті халық Арқалықтағы ет комбинатына малдарын тапсырғысы жоқ. Бағасы арзан дейді.

Мағзұм Баймағамбетов, шаруа:

– Сырттан оңтүстіктен келіп, бізден мал алып жүргендер бар. Олар енді сұраған бағаны еріксіз береді. 190-нан алады кемі, ал биыл бұзау. Соның өзін олар 150 мыңнан алып кетті.

Ал Арқалық ет комбинаты малды әрі кеткенде 130-140 мың тенгеге алады. Айырмашылық біршама. Әрине ақ адал малын кім арзанға бергісі келеді. Ет комбинаты да қымбат алып, өнімдерінің өзіндік құнын өсіргісі жоқ. Осыған байланысты шикізат тапшылығы туындап отыр. Қазір консервіленген ет шығаратын цех аракідік жұмыс істейді.

Қайрат Жиенбаев, ет комбинаты директорының орынбасары:

– Осы жерде тәулігіне бір тонна консерві шығуы керек. Қазіргі таңда біз жетісіне бір тонна шығарып отырмыз. Оның бәрі шикізаттың жетіспеуінен аз боп тұр.

Айта кетелік, аз уақыттың ішінде комбинат өз өнімдерімен ел ішінде танылып үлгерді. Кәсіпорын шығаратын шұжықтың 12 түрі Ақтөбе, Орал, Қарағанды Жезқазған, Қостанай, Нұр-Сұлтан қалаларына өткізіледі. Тіпті, жақында өнімдерінің сынама үлгісін Ресейдің Краснодарына да жіберіпті. Ал шикізат жетіспеушілігін биыл шешеміз деп отыр.

Расул Мұқанов, ет комбинатының директоры:

– 2019 жылдың қазан айында бордақылау алаңының құрылысын бастадық. Ол 7,5 мың бас ірі қараға арналған. Сөйтіп біз бүтін бір ет кластерін құрамыз. Малды бағып, өсіруден бастап, ет өнімдерін шығаруға дейінгі толық цикл болады.Сонда комбинат толық қуатында жұмыс істейді.

Бордақылау алаңы жергілікті малдың есебінен толықтырылып отырады. Яғни, ауылдағы ағайынға ірі қарасын жоғары бағаға сатып, үстінен субсидия алу мүмкіндігі пайда болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы