380,91 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық бір топ кәсіпкер алаяқтардың құрбаны болды

  • 154
  • UPD: 15:27, 22.01.2020

Киім-кешек сатумен айналысатын жандар тауарды ғаламтор арқылы өзге өңірлердегі тұтынушыларына да саудалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – кең тараған тәжірибе. Күндердің күнінде клиенттердің бірі тауар алуға уағдаласып, қаражат аудару үшін жеке куәлік нөмірін сұраған. Кейін олардың атына шағын несиелік ұйымдарда бір емес, бірнеше несиенің рәсімделгені анықталған.

Анастасия Услуадам бес жыл бұрын дүкен ашқан. Жас кәсіпкер сәнді киім-кешекті әлеуметтік желі арқылы сатып, тауарды өзге облыстарға поштамен жіберумен айналысады. Күндердің күнінде шымкенттік азаматша хабарласып, екі көйлекке тапсырыс беріп, қаржыны аударған. Бірнеше күннен соң Анастасияның атында екі несие бар екені белгілі болыпты.

Анастасия Услуадам, кәсіпкер:
–Тұтынушы келісілген сомадан артық ақша аударды. Күдік сонда туындады. Халыққа қызмет көрсету орталығынан несиелік үзінді көшірмені алғанда, шағын несие ұйымына қарыз екенімді білдім. Несие тек жеке құжаттың номері арқылы рәсімделген. Қалған ақпарат жалған. Қаржы ұйымдары рұқсатымсыз жеке мәліметтерімді өңдеген. Бұл сұмдық қой.

Бұл алаяқтың арбауына 30-ға жуық азаматтың түскені белгілі болды. Солардың бірі – Ирина Капустина. Оның мойнында бір емес, үш несие бар болып шықты. Тәжірибелі кәсіпкердің шағын несиелік ұйым алдындағы қарызы 200 мың теңгеге жуықтаған.

Ирина Капустина, кәсіпкер:
– Бұл жағдай бизнеске де, денсаулығымызға да кері әсерін тигізіп жатыр. Бүгінге дейін бармаған жеріміз қалмады. Құзырлы мекемелерге арыз жаздым. Егер тиісті шара қолданылып, тергеу басталмаса, алаяқтық құрбандарының саны өсе бермек.

Бүгінгі таңда облыста электронды саудамен айналысатын 24 ұйым тіркелген. Сала мамандарының айтуынша, әзірге зардап шегушілер тарапынан өтініштер түспеген.

Галина Бирюкова, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
– Биыл шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге үш жылғы мораторий жарияланғаны белгілі. Десе де, қылмыстық әрекет белгілері анықталса, азаматтар экономикалық тергеу департаментінің көмегіне жүгіне алады. Кейін мемлекеттік кіріс органдары тексеріс жүргізеді.

Ал полиция департаментінде ақпараттық жүйелердің қолданушыларына қатысты қылмыстық істерді тергеу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде мамандардың қарауында 300-ден астам іс жатыр.

Аян Нүкенов, облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысы:
– Азаматша Анастасия Услуадамның өтініші сотқа дейінгі тергеу реестріне енгізілді. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тарауы бойынша тергеу жүріп жатыр. Прокуратура осы тектес істерге сараптама жасап жатыр. 

Ақмарал Есімханова, тілші:
– Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері бұл деректер бойынша қылмыстық іс қозғалған жағдайда тергеу амалдарына көмектесуге әзір. Мамандардың айтуынша, ғаламтор арқылы сауда көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Сондықтан, бұл салада алаяқтық құрбандарының саны да көбеюі мүмкін.

 Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы