376,49 406 5,86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақмыс» басшысына қастандық жасаған адамның әріптестері марқұм туралы айтып берді

  • 281
  • UPD: 20:17, 22.01.2020

Жезқазған қаласында жантүршігерлік оқиға болды. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловты жұмыс бөлмесінде әріптесі Тоғызбай Тәжбенов пышақтап тастаған. Артынша ол өз-өзіне қол жұмсады. Оны мұндай қадамға не итермелегені әзірге жұмбақ. Жұртты дүр сілкіндірген қылмыстың жай-жапсарын қазір тәртіп сақшылары анықтап жатыр. 

Қанды оқиға кеше кешкілік 18:00 шамасында болған. Полиция департаментінің таратқан ресми мәліметіне сүйенсек, «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазғандағы бас кеңсесінде директор Амангелді Мініғұлов пен «Кәсіпқорған» кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжібаев арасында жанжал туған. Өкінішке орай, соңы қайғылы жағдайға әкелді. 

Жаңатай Сембеков, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы:

- Қарағанды облысы Жезқазған қаласында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясының директоры Минигуловтың кабинетінде Тәжбенов өзара жанжал барысында Минигулов пен осы мекеменің маманы Тембаевке пышақпен дене жарақатын келтіріп, сол жерде өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша тергеу жүргізілуде. 

«Тоғызбай Тәжбеновтың кәсіподақ саласында еңбек еткеніне 2 жылға жуықтапты. Бұған дейін ол корпорацияда түрлі басшылық қызметтерде болған. Марқұмның басбұзарлық мінезін ешқашан байқамадық» дейді әріптестері. 

Болат Жұмабеков, ҚР Кәсіподақ федерациясы Қарағанды облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы:

- Тоғызбай Тәжбенов «Кәсіп қорған» ұйымын құрғандардың бірі. Ол корпорация құрамындағы жұмыскерлердің мүддесін барынша қорғап келді. Сырт көзге өте сабырлы адам болып көрінетін. Мына жағдайда естігенде төбемізден жай түскендей болды. 

Қазір арқасынан пышақ жарақатын алған бас директор Амангелді Мініғұловтың жағдайы бірқалыпты, түнде операция жасалған. Ал зардап шеккен екінші адам Сабыржан Тембаевтың жарасы жеңіл болған. Бүгін ол үйіне босатылды. Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы