420,22 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысынан президенттік кадрлық резервке іріктеуден 12 адам өткен

  • 567
  • UPD: 20:20, 22.01.2020

Президенттік кадрлық резерв құрамына енген жастар лауазымды қызметтерге тағайындала бастады. Тек Ақтөбе облысынан әзірге 4 үміткерге қатысты ұсыныс Ұлттық комиссияда қаралып жатыр. Олардың білімі мен біліктілігі тиісті талапқа сай мақұлданса, мемлекеттік басқару жүйесі және жеке меншік секторда жауапты қызметке орналасуы мүмкін. Биыл бұл өңірден 12 үміткер қатаң іріктеуден сүрінбей өткен еді.

Ләззат Әділова Ақтөбедегі мұнай компанияларының бірінде бөлім басшысы боп еңбек етеді. Бірнеше жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған ол, бұрын мемлекеттік қызмет туралы мүлде ойламаған еді. Алайда,  Президенттік кадрлық резерв туралы естігенде, бағын сынап көруді мақсат еткен. Себебі туған елдің дамуына үлес қосу – ес білгелі пайда болған арман болатын. Әрі жас болса да, отандық және халықаралық деңгейде жиған тәжірибесі бар.

Ләззат Әділова, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:

- Менің негізгі мақсатым – бұл халыққа қызмет ету және халықтың жағдайын көтеру. Инфраструктураны дамыту, халықаралық қатынастарды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты әрі қарай жақсартып, осы Қазақстанның беделін көтеру.

Алға қойған мақсатқа жетуді әдетке айналдырған Ләззат 4 тілді қатар меңгерген. Дипломат болуға әбден лайық. Дегенмен, елде жүріп те туған отанның шет мемлекеттермен байланысын нығайтуға үлес қосуға болады деп санайды. Енді ол бір айдан кейін министрліктердің біріне қызмет ететін болады. Ал көшбасшылық қасиеті бүгінгі әріптестеріне үлгі. Жастар кеңесін құрып, жұмысқа келген талай маманға қолдау көрсеткен еді.

Райгүл Нұрғалиева, Л. Әділованың әріптесі:

- Ләззат біздің ұжымымызда беделді, белсенді. Президенттік кадрлық резервіне кіруге лайықты деп есептеймін. Өйткені Ләззат білімді, еңбекқор, отансүйгіш, жан-жақты және жастарға үлгі болатын тұлға. Әрине жетістігіне қуанып жатырмыз.

Президенттік кадрлық резервке ену үшін Ақтөбе өңірінен 300-ге жуық үміткер өтініңш білдірді. Оның тек 12-сі ғана үздіктер қатарынан көрінді. Олардығ арасында, жергіліктьі атқарушы органның қызметкерлері, бір аудан әкімі және кәсіпкерлік саласының өкілдері бар.

Анар Тәңірбергенова, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз хатшысы:

- Мемлекеттік қызметтің, квазимемлекеттік секторлардың жауапты лауазымына резервистерді тағайындау мансаптық өсу арқылы жоспарланады. Және де осы резервистердің бірқатары өздерінің дағдылары мен құзыреттіліктерін арттыру мақсатында қысқа мерзімді курстар мен ұзақ мерзімді оқытылудан өтеді. Соның ішінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының оқытылуынан өтеді.

Ел бойынша кадрлық резервін жасақтау былтыр басталған болатын. Бастапқыда ел бойынша 13 мыңнан астам жас тілек білдірген. Алайда алты кезеңнен тұратын іріктеу барысында, оның тек 300-і ғана таңдап алынды. Оның арасында 12 ақтөбелік те бар.

Авторолары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы