376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда балалар арасындағы қылмыс саны артты

  • 185
  • UPD: 11:25, 23.01.2020

Түркістанда кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс 66 % өсті. Осындай жағдай облыстағы бірнеше ауданда байқалып отыр. Бұл туралы Түркістан облыстық прокуратурасы ұйымдастырған «Қауіпсіз балалық шақ» атты ашық форумда айтылды.

Жиынға облыс әкімі, құқық қорғау ұйымдарының басшылары және қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Жалпы жасөспірімдер қылмысымен қалай күресуге болады? Осы сұрақ форумның негізгі өзегіне айналды.

Балалардың өмірі, қауіпсіздігі мен денсаулығы қоғамның басты назарында. Сондықтан форумда кәмелет жасқа толмағандарға қатысты мәселелер ашық талқыланды.

Мәселен, 2018 жылы өңірде жасөспірімдердің қатысуымен жасалған құқық бұзушылық 6,2%, ал оларға қарсы жасалған қылмыс - 20,2%, оның ішінде жыныстық еркіне қол сұғушылық 100%-ға артқан. Өткен жылы осы проблемаларды шешу үшін арнайы топ құрылып, талдау жасапты. Оған үкіметтік емес ұйымдар мен ғалымдар тартылған. Зерттеулер жүргізіліп, әдістемелік құралдар әзірленіпті. Нәтижесінде оң өзгерістер байқалған. Прокуратура мамандарының айтуынша, өткен жылы 2018 жылмен салыстырғанда балалар арасындағы құқық бұзушылық 16%, оларға қарсы жасалған қылмыс - 4,8%, ал жыныстық еркіне қол сұғушылық 22,2% азайған. Сондай-ақ суидцид дерегі де 32% төмендепті. Алайда көрсеткіш жақсарғанымен өңірдегі кейбір аудандарда осы санаттағы қылмыстардың саны артқан.

Артықбек Пашаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары:

- Мысалы, жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылық Түркістанда 66%, Кентауда 74%, Бәйдібекте 60%-ға артса, оларға қарсы жасалған қылмыстар Арыста 80%, Түлкібаста 71%, Отырарда 66%-ға артып отыр. Ал жасөспірімдер арасындағы суидцид Сайрамда 27%, Түлкібаста 50%, Бәйдібекте 200%-ға артып отыр. Осы ретте ескерілетін мәселе Кентау қаласының бұл саладағы көрсеткіштерінің өсуі халық санының артуымен байланысты болса, Түркістан қаласының халық саны 35%-ға кеміген. Бірақ бала санының азайғанымен қылмыс саны төмендемей отыр.

Сарапшылар кейбір аудандарда құқық бұзушылықтың алдын алу мен түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенін айтады. «Сондықтан балалардың құқығы, жол қауіпсіздігі, зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді шаралар қабылдау керек. Оған тек мемлекеттік органдарды ғана емес, бюджеттен қаржы бөліп, үкіметтік емес ұйымдарды да жұмылдыру қажет» дейді. Ал тәртіп сақшылары өңірдегі білім беру ұйымдарының 98 пайызы камералармен қамтылғанымен әлі де жеткіліксіз екенін жеткізді. 750-ден астам мектептің дәретханасы санитарлық талаптарға сай емес.

Абай Жүнісов, облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Түркістан облысында 905 мектеп бар. Бірақ онда 120 мектеп инспекторы жұмыс істейді. Әлі тағы да 566 кәмелетке толмағандардың iсiмен айналысатын мектеп инспекторы қажет. Осыған орай біз облыс басшысына штат жетіспейтінін айтып ұсыныс тастадық. Бұл мәселе қазір облыс әкімі деңгейінде қаралып жатыр.

Осы орайда прокуратура өкілдері мектептердегі қауіпсіздікті арнайы күзет мекемелеріне беруді ұсынды. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, балаларды қылмысқа не итермелейтінін зерделеуге шақырды. Сонымен қатар мамандар жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалану үшін спорттық үйірмелер мен өнерге баулыудың маңызы зор екенін айтты. Айта кетейік, өткен жылы өңірде оқыс оқиғалардың салдарынан 67 бала көз жұмды. Оның 2-і өрт, 12-сі суға бату, 53-і жол-көлік апатына қатысты болған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы