379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Балқаш» әуе айлағы жөндеу жұмыстарынан кейін қайтадан ашылды

  • 143
  • UPD: 11:48, 23.01.2020

«Балқаш» әуе айлағы екі жылға созылған күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды. Енді ондағы ұшу алаңы кез келген әскери ұшақтар мен салмағы ауыр тікұшақтарды емін-еркін қабылдай алады. Бұдан бөлек нысанның инфрақұрылымы да жаңғыртылды. 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Жөндеу жұмыстары аясында біз тұрған ұшу алаңы қайта жаңғыртылды. Оны алғаш болып Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың өзі сынап көрді. Дәл қазір ол мінген Си -295 әскери ұшағы осы алаңға келіп қонды. 

Министр нысанның ашылу рәсіміне қатысып қоймай, айлақтың жұмысымен де танысып үлгерді. Жалпы «Балқаш» әуе айлағы 1967 жылы салыныпты. Әу бастағы мақсаты -  көлемі шағын ұшақтарды қабылдау. Нысан пайдалануға берілгелі жарты ғасырдан асса да, күрделі жөндеуді көріп отырғаны осы.

Нұрлан Мұсабаев, 53898 ә/б командирінің орынбасары:

- Жөндеу жұмыстарының арқасында біз енді азаматтық авиацияның барлық түрлерін қабылдай аламыз. Айлақта орнатылған германиялық жарық жүйесінің көмегімен ұшқыштарымыз күндіз-түні шеберліктерін шыңдай алады. Сондай-ақ, олардың қалыпты және қолайсыз ауа райы жағдайында жаттығуына да жағдай жасалған. 

Қазір мұндағы ұшу құрамын даярлайтын орталықта 27 курсант ұшу дайындығынан өтіп жатыр. Олар көп ұзамай осыған дейін алған білімін іс жүзінде сынап көреді. Әуелі көкке нұсқаушының қадағалауымен көтерілсе, арнайы сынақтан соң әуе кемесін өз беттерінше тізгіндейді.  

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Бұл Л39 оқу-әскери ұшағы. Оны басқаруға тек 3-4 курстың курсанттарына рұқсат етілген. Жылдамдығы сағатына 900 шақырымға дейін жетеді. Сондай-ақ бұл ұшақтың басқалардан тағы бір айырмашылығы - мынадай басқарылмайтын авиациялық зымырандармен және авиациялық жарылғыш затпен жабдықталған.  

Жөндеу жұмыстары аяқталғанша ұшу және инженерлік-техникалық құрам Алматы облысындағы Жетіген айлағында шеберліктерін шыңдады. Жалпы, Балқаштағы авиациялық орталықта болашақ ұшқыштар 2007 жылдан бері даярланып келеді. Мұнда жылына 30-ға жуық курсант келіп, ұшақ басқаруды үйренеді. Солардың бірі - Нұрсұлтан Жамбылов. Осы уақытқа дейін ол 70 сағат ұшып үлгеріпті.

Нұрсұлтан Жамбылов, әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты:

- Әуе айлақта  практика жаттығуынан өту үшін келдік. Оның алдында 3-курста жазда келгенбіз. Осы жолы қыста.  Қыста келуіміздің себебі басқа әуе айлақта басқа ауа райында ұшу. Дайындықты арттыру үшін келдік. 

Осылайша «Балқаштағы» жұмыс қайта жанданды. Мұндағы мамандардың айтуынша, нысан халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сай көрінеді. Ал орналасқан аумағы жолаушылар ұшағын да қабылдауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы