376,17 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 37 мемлекеттік қызметкер жемқорлық үшін сотталды

  • 129
  • UPD: 14:04, 23.01.2020
Ақмола облысында 37 мемлекеттік қызметкер жемқорлық үшін сотталды

Ақмола облысында мемлекеттік қызмет саласындағы 37 адам сыбайлас жемқорлық үшін сотталды.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев 2019 жылды қорытындылаған есептік жиын барысында мәлімдеді. Жалпы өткен жылы облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде 166 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, оның 90 процентке жуығы сыбайлас жемқорлық деректерінің үлесінде. Ал 151 іс сотқа жолданған. «Біразының шешімі шығып, тиісті жазасын алды», - дейді құзырлы орган өкілдері. Олардың көбі басшылық қызметтегілер. Мәселен, жақында ғана облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен орынбасарына қатысты үкім шықты. Көкшетау қалалық соты кінәлілердің әрқайсысына 2 млн теңгеден астам айыппұл салды. Олар бюджет қаржысын жымқырған болатын. Өкінішке қарай сотталғандардың көбі осылай айыппұлмен ғана құтылып кеткен. Тек 6 адам ғана бас бостандығынан айырылған.

Мұрат Төлеубаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы:

– Облыста қылмыстың бұл түрі бойынша көрсеткіш өсіп барады. Жауапкершілікке тартылған тұлғалардың да қатары екі есеге артқан. Сондықтан біз алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Бүгінгі халықпен кездесу – соның бір жолы. Мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлыққа жол беріп отырғанын және мұнымен күресу қажеттігін облыстық әкімдік жиынында да қайта-қайта айтып жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы