376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі мұнай-газ компаниясына қомақты айыппұл салынуы мүмкін

  • 85
  • UPD: 16:12, 23.01.2020

Ақтөбелік экологтар өңірдегі ең ірі мұнай-газ компаниясынан үш жарым млрд теңгеден астам айыппұл өндіріп алмақ ниетте, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі кәсіпорынның өңдеу зауытында жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында, тиісті заңнаманың бұзылғаны анықталған. Ал компания өкілдері тағылған айыппен келіспей отыр. Тіпті тексеру жұмысының негізсіз жүргенін айтуда. Бүгін екі тараптың да уәждерін кәсіпкерлер палатасының кеңес мүшелері тыңдады.

Экологтордаң жүргізген тексеру жұмыстары Жаңажол мұнай газ өңдеу кешенінде жүргізілген. Бұған кәсіпорын ісіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласының бір тұрғынының шағымы себеп болған. Ол өз өтінішінде зауыттың қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқанын нақты дәлелдермен келтірген көрінеді. Оны негізге алған бақылаушы орган мамандары да, нәтижесінде өндіріс орнына ірі көлемде айыппұл салады.

Ерболат Кожиков, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

– Тексерістің нәтижесінде айтылған, жазылған фактілер анықталып, рұқсат қағаздары бойынша өздерінің нормалары бар. Сол мөлшерден тыс асып кеткесін біз айыппұл салдық.

Ал кәсіпорын өкілдері Экология департаментінің ұйғарымымен келіспейді. Себебі бұл жайтқа дейін өңдеу кешені кешенді тексеруден өткен болатын. Әрі ешқандай қарсылық болмай, талап етілген құжаттар, ақпараттар беріліп отырды. Ал соңғы шараның заңдылығы мүлде күмән туғызады дейді. Әрі салынған әкімшілік айыппұл да негізсіз екен. 

Руслан Низамутдинов, Жаңажол мұнай газ өңдеу кешені басшысының орынбасары:

– Заңда былай көрсетілген: біреудің әрекетін дауласаң, жоғары лауазымға немесе сотқа сол белгіленген күннен бастап тексеру тоқтау керек. Бірақ өкінішке орай мына жағдайда ешқандай тоқтау жасалған жоқ. Қорытындысын жасады, оған қарамастан бізге үш млрд-тан артық айыппұл салмақ. Сондықтан біз өз құқықтарымызды қорғаймыз.

Қос тараптың арасында пайда болған дау бүгін кәсіпкерлер палатасында қаралды. Ұйымның құқық қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері әрқайсысын жіті тыңдады. Бірақ палата өкілдері мұнай газ өндіруші компания ұстанымын жақтайтындарын білдірді. Себебі компанияда тексеру жиілеп кеткен. Бұл өз кезегінде өңірдің  инвестициялық ахуалына да кері әсерін тигізуі мүмкін дейді. 

Руслан Күйшінов, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі:

– Біз шағымды жаздық. Ертең шешім қабылданбаса, онда сотқа береміз.

Бұл мәселенің қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Себебі іс сотқа жолданған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Ал сот отырысының қашан және қайда өтетінін қазір айту қиын. Екі жақтың мүддесі Ақтөбеде немесе Нұр-Сұлтан қаласында қорғалуы әбден мүмкін. Әзірге қос тарап өз ұстанымдарының дұрыстығын айтып отыр.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы