375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


#Бізіргеміз: жастар елорда көшелерін қардан тазалауға атсалысады

  • 238
  • UPD: 23:32, 23.01.2020

Бүгін елорда ақтүтек боранның құрсауында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйтқи соққан желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 25-30 метрге дейін жетіп, қыбырлаған қимылдың адымына тұсау салды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты мектептерде сабақ тоқтатылды.

Елордада түн ауа басталған боран басылмай тұр. Салдарынан Нұр-Сұлтан – Қорғалжын бағытынан басқа барлық тас жолдар жабылды. Қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктердің де қозғалысы кідірді. Білім басқармасының шешімімен мектеп оқушылары мен колледждің бірінші, екінші курс студенттеріне сабақ тоқтатылды.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Біріншіден ең үлкен жолдарды тазалаймыз. Қоғамдық көлік жүретін жерлерді тазалаймыз. Ол қазір күндіз-түні жасалуда. Жұмысты одан да күшейтеміз. Қазір жеке компаниялардың техникаларын аламыз. Сонымен бірге біз емхана, дәріхана, басқа да әлеуметтік нысандарға баратын жолдарды тазалаймыз. одан кейін барып, ішкі жолдарға кірісеміз.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Нұр-Сұлтан әуежайында 38 рейстің ұшу уақыты кешігіп, 11 рейс кейінге шегерілді. 22 рейстің қону уақыты өзгерген. Өйткені боранға байланысты олар көкке көтерілмей, мұндағы желдің басылуын күтіп тұр. Арқаның бораны күш алғанда әуе қатынасы ғана емес жердегі көлік қозғалысы да қиындады.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті бір тәулік ішінде қар құрсауынан 19 адам құтқарды. 112 шұғыл телефон қызметіне мың жарымнан астам қоңырау түскен. Оның 85%-і тас жолдардағы ахуал мен сабақтың тоқтатылуы туралы ақпарат сұрағандар.

Бауыржан Сыздықов, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Қазіргі таңда бүкіл Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы техниканы қосқанда мың екі жүзге жуық техника жұмыс істеп жатыр. 2 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. оның ішінде құтқару техникалары 70 ке жуық. Және 130 ға жуық құтқарушы біздің қалаға шығатын, кіретін жолдарда жұмыс істеп жатыр.

Ақтүтек боран мен көктайғаққа байланысты түннен бері елордада 100-ге жуық жол апаты тіркелді. Әзірге жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ. Қалалық полиция департаменті тұрғындарды қоғамдық көліктермен қатынауға шақырды.

Ержан Сәденов, қалалық полиция департаментінің бастығы:

- Таңнан бері 102 нөміріне 434 хабарлама түсті. Көбісі қар тазалау және тұрғындардың көлікті жол бойына қалдырып кетуімен байланысты. Барлық өтінішті қамтуға тырысып жатырмыз. Жол-патрульдық полициясының қызметкерлері қар тазалайтын көліктердің кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының барлық бағыттарында тас жолдарды жіті бақылауда.

Ал синоптиктер «бұрқасын әлі басыла қоймайды» деген болжам жасады. Ресей мен Скандинавианың солтүстік аймақтары арқылы жылжитын атмосфералық фронттар елде желдің сақталуына ықпал етеді. 

Алуа Исаханова, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК қысқа мерзімді ауа райын болжау басқармасының басшысы:

Әлі де республикамыздың басым бөлігінде қар, бұрқасын және екіпінді жел көктайғақ болады деп болжанады. Және ауаның температурасы түнгі уақыттарда солтүстік өңірлерде 0-8 градус болса, оңтүстік өңірлерде 0-5 градус жылы, кей жерлерде 0-3 градус аязды көрсетеді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ертең бұрқасын қар. Оңтүстік-батыстан соққан желдің күші түнгі уақыттарда 15-20, күндіз 9-14, кей уақыттарда 15-20 метр секунд болжанады.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

Биыл елордада қар әдеттегі нормадан екі есе көп жауды. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының жастары «Біз біргеміз» акциясын бастады. Оның аясында волонтерлар қолына күрек алып, елорда көшелерін қардан аршуға атсалысады. Игі бастамадан «Хабар 24» арнасының ұжымы да шет қалмай, өз үлесін қосты. Енді эстафетаны «Qazaqstan» Ұлттық арнасына жолдаймыз.

Хабар 24 телеарнасы