432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда бес жылда 13 мыңнан астам адам жоғалған

  • 974
  • UPD: 21:43, 23.01.2020

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне күніне жақынын жоғалтқан оннан астам адам келіп, өтініш қалдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іздеушілердің қуанышына орай үйден шығып кетіп, кері оралмағандардың басым көпшілігі бірнеше тәулік ішінде табылатын көрінеді. Алайда, қайғылы оқиғалар да жиі кездесіп жатады.

Былтыр бас қалада жоғалғандардың тең жартысы – кәмелет жасына толмағандар. Нақтырақ айтсақ – 2 мың бала. Олар көбіне ойнап жүріп, өз үйінен көз жазып қалатын көрінеді. Қайтар жолды таба алмай, ақыры адасып тынады. «Бұдан бөлек, өзгенің ұл-қызын бөтеннің ертіп кетуі де жиі ұшырасады», - дейді мамандар. 

Асхат Сексенов, қалалық полиция департаментінің бөлім бастығы:

- 2019 жылы 3938 азамат жақындары мен туыстарының із-түзсіз жоғалуына байланысты өтініш қалдырған. Оның басым бөлігінде жоғалғандарды іздеу ісі қозғалмай тұрып табылды. Біз айтқан 4 мыңға жуық адамның 1890-ы – кәмелет жасына толмаған балалар. Жыл басынан бері бізде мұндай бала жоғалу дерегі әлі тіркелген жоқ.

Бала жоғалғанда полиция көбіне волонтерлық қозғалыстардың көмегіне жүгінеді екен. Бұл ұйымдардың әрқайсында 20-дан астам адам тіркелген. Барлығының жұмысы бар, алайда қиын сәтте өзгелерге қол ұшын беруге дайын. 

Элеонора Бекетова, волонтерлар қозғалысының үйлестірушісі:

- Біздің қызметтегі ең қиыны – іздеу жұмыстарының сәтсіз аяқталуы. Біз тірі адамды іздейміз ғой. Ал, кей жағдайда олардың мүрдесін тауып жатамыз. Осындай сәттерде «үлгермедік, құтқара алмадық» деген ой еріксіз мазалайды.

Жуырда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті соңғы 5 жылдағы статистиканы жариялады. Оған сай аталған мерзімде ел ішінде 13 мың адам жоғалыпты. Оның 10 мыңнан астамы жақындарына оралса, 1067 адамның өкінішке орай мүрдесі табылған.

Жасұлан Смайылов, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аға прокуроры:

Егер басқаларға қарағанда жиі жоғалатындар жөнінде айтсақ, 30 бен 49 жас аралығындағы ер адамдар түрлі жағдайда хабар-ошарсыз кетеді. Көбіне үйден шығып, кері оралмайды. Көлігімен бірге жоғалып кететін жағдайлар да кездеседі. Ең көп өтініш 2016 жылы келіп түскен. Ең азы былтыр тіркелген.

Статистикаға қарасақ, тағы 1700 азамат туралы 5 жылдан бері әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ. Еске салайық, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жұмыстары 10 жылдан кейін бірақ тоқтатылады.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы