376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жыл сайын жүздеген адам жоғалады

  • 113
  • UPD: 22:34, 23.01.2020

Мәселен, 2019 жылы 138 адам іздеуде болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абырой болғанда, олардың көбі табылған. Ал, дәл қазір өңірде із-түзсіз кеткен 44 кісіні іздеуге құзырлы органдар атсалысып жатыр. Адамдар айдың-күннің аманында қалай жоғалып кетеді? Бұған не себеп?

Жәукен апайдың 1988 жылы туған Алма есімді қызы осыдан 13 жылға жуық уақыт бұрын үйден шығып кеткеннен қайта оралмаған. «2007 жылдың 23 шілдесі күні кешке құрбыларыма барып келем,» - деп үйінен шыққан 19 жастағы қыз сол күйі хабарсыз кетіпті. Бауыр еті баласын жылдар бойы көрмеген ана үмітін еш үзген емес.

Жәукен Сүлейменова, жоғалған қыздың анасы:

Кешке жұмыстан келеді. Тамақ ішіп алады. Қыздарға барып келем деп айтатын. Сосын мен айтамын, көп кешікпе енді, қалада неше түрлі болып жатыр ғой, ертерек келіп отыр деймін. Келіп отыратын. Ал, сол күні шығып кетіп, сол күйі келмей қалды. Сол үмітімді үзбей, күтіп жүрмін. Бір жақсы хабар келер деп. Өзім ойлаймын, қызым аман деп, табылады деп.

Ал, еліміздегі заң бойынша жоғалған адамдарды іздестіру 10 жыл бойы жүргізіліп, онан соң тоқтатылады екен. Бірақ іздеуді құзырлы органдар доғарғанмен, еріктілерде ондай шарт жоқ. Мәселен, Рамазан Асланов қызмет ететін еріктілер тобы қазір Көкшетау қаласының өзінен жоғалып кеткен 20 шақты адамды жан-жақты іздестіріп жатыр.

Рамазан Асланов, волонтер:

Біз адамды іздеген кезде оның баруы мүмкін деген жерлердің барлығын аралап шығамыз. Одан қалды қажет болса, орман, тау, дала бәрін шолып жүреміз. Әлеуметтік желіге де ақпарат таратамыз. Біздің топта ерікті түрде қызмет ететін 40 адам бар. Соңғы 3 жылда жоғалған 30-дан астам адамды таптық.

Ақмола облысында биылдың өзінде айналасы 20 күннің ішінде 9 адам жоғалып кеткен. Олардың төртеуі ізін суытпай табылған. Полицейлердің айтуынша, адамдардың із-түзсіз жоғалып кетуіне көбіне отбасындағы кикілжің сеп болады екен. Ал, хабарсыз кеткендердің басым бөлігі орта жастағы азаматтар.

Абзал Кәйкенов, облыстық криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

- Көбінесе хабар-ошарсыз жоғалған адамдар, жанұя жағдайына байланысты кейбірі ұрсысып, ұялы телефондарын сөндіріп тастап, байланысқа шықпайды. Содан кейін ата-анасы немесе жұбайлары солар қайда жүр деп іздеп, мазаланып, бізге арызданады. Арызданғаннан соң жедел алдын алу іс-шараларын өткізу барысында соларды анықтап, өз үйлеріне әкеліп тапсырамыз.

Жалпы елімізде соңғы 5 жылда 13 мыңнан астам адам ізім-ғайым жоғалған. Ал, олардың бір мыңдайы өлі күйінде табылыпты.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы