375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғындары көбейген

  • 122
  • UPD: 23:03, 23.01.2020

Қыс түскелі бері Шымкенттегі әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғындары көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жерді қазір өмірлік қиын жағдайға тап болған 170 адам паналап жүр. Олардың арасында отбасынан айырылып, үйсіз қалған, адасқандар көп. Мемлекеттік орталық олардың әрқайсысына қол ұшын созып, осында тұрақтауына жағдай жасаған.

Александра Захарованың бұл бейімдеу орталығын паналғанына 10 жылға жуықтаған. Қарияның барар жері, басар тауы жоқ. Ол – Ресей Федерациясының азаматы. Бір кездері Челябі қаласында тұрған. Отағасы екеуі 4 ұл тәрбиелепті. Сосын Өзбекстандағы құрбысының үйіне қонаққа келіп, құлдыққа жегілген. Оның айтуынша, Қазақстанға да қалай келгені есінде жоқ. «Бұл жерден тек жыл өткен соң қашып шықтым», - дейді кейуана. Сосын  осы орталыққа тап болған.

Александра Захарова:

1993 жылдан бері туған-туысымнан, отбасымнан байланыс үзілді. Қазір олардың қайда екенін де білмеймін. 1995-1996 жылдары іздеу салдым. Алайда, ешқандай хабар болмады. Олар да мені өмірде жоқ деп ойлайтын шығар. Қаншама жылдар өтті.

Александра Захарова ұлдарын сағына еске алады. «Олардың бейнелері еміс-еміс есімде», дейді. Құлдықта жүргенде ұлдарының суреттерін де жоғалтып алыпты. Зейнеткердің жасы қазір 83-ке келген. Денсаулығы да сыр бере бастады.

Блиц

- С ищу свою маму – Людмилу Васильевну Пунич и сестру Люду

- Хочу найти Репину Ольгу Николаевну 1956 года рождения.

Әлеуметтік бейімдеу орталығындағы әрбір үшінші жан «бір туғаным табылар» деген үмітпен жүр. Қазір орталықта 170 адам орналасқан. «Барлығының көңілін табуға тырысамыз», - дейді орталық басшылары.

Сәуен Жанысбаев, қалалық «өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» директорының орынбасары:

- Осы орталыққа келгеннен кейін алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеміз. Жуындырамыз, киім-кешектерін жаңасына толығымен ауыстырып, орталыққа қабылдаймыз. Бізге құжатсыз азаматтар, үй-жайынан айырылғандар қабылданады. Біздің бірінші мақсатымыз ол құжатының бар-жоғын анықтау. Жоқ болған жағдайда оны қалпына келтіруге ықпал жасаймыз.

Бір байқағанымыз, мұндағы тұрғындардың көпшілігі шетел азаматтары. Тағдырлары да әр қилы. Ал мақсаттары өз Отанына оралып, отбасымен қауышу.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы