376,49 406 5,86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында екі күн бұрын жоғалып кеткен жасөспірімдер табылды

  • 181
  • UPD: 23:04, 23.01.2020

12-14 жастағы жеткіншектер Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде болыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіп сақшылары оқушылардың жүрген жерін ұялы телефоны арқылы анықтаған. Сөйтіп, 30 шақты полицей аулалар мен үйлерді шолып, іздеуде жүргендерді тапты.

Елді елең еткізген бұл оқиға қуаныштың көз жасы төгіліп, ана мен баланың қауышуымен аяқталды. Ару Бекберді мен Талшын Қызырбайды тәртіп сақшылары түн ішінде тапқан. Ешкімге ескертпестен, қалаға қыдырып кеткендер ата-анасына табысталды.

Бекберді Қыдырәліұлы, Ескелді ауданының тұрғыны:

- Ескелді ауданы сақшыларының көмегімен қызым табылып, екі қызым аман-есен табылды. Сол үшін ол жігіттерге алғысым шексіз. Халыққа да шексіз рахмет.

Қазір жасөспірімдердің не себепті үйден кеткені анықталып жатыр. Жалпы жыл басынан бері өңірлік полиция департаментіне 50 шақты адамның жоғалғандығы жөнінде арыз түскен. Сала мамандары солардың көбін тауып, туыстарымен жолықтырыпты. Отбасы мүшесінің хабарсыз кетуіне сан түрлі себеп бар екен.

Серік Үпиев, облыстық ПД ресми өкілі:

- Көбінесе тұлғалардың жоғалуына, балалардың үйінен кетіп қалуының себебі – отбасындағы кикілжің, басқа қалалардан жұмыс іздеу, үлкен кісілер көбінесе денсаулығына байланысты жоғалады. Сонымен қатар жастардың үйінен кетуіне жаңа өмір бастауы себеп. Жалпы Алматы облысында жыл басынан бері 47 адамға іздеу жарияланды. Оның 37-сі аман есен табылды. Қазіргі таңда 10 адамға іздеу жалғасуда.

Іздеуде жүргендердің тізімінде  Рахат Маншанбаевтың інісі де бар. Болат Оразымбекұлының із түзсіз кеткеніне 5 жылдан асқан. Соңғы рет 2014 жылы 14 ақпанда телефон шалып, Қапшағайда жұмыс істеп жүргенін айтыпты.

Рахат Маншанбаев, Ескелді ауданының тұрғыны:

- Бәрін салып іздедік, Алматыда жиендер бар, бәріне айтып жатырмыз. Көрген ешқайсысы жоқ. Бұрын Алматыда жүргенде көріп тұратын. Қазір хабар жоқ. Міне, 61-ге келеді. Екі жылдан кейін зейнетке шығу керек. Үмітпен анаған да, мынаған да шапқылап жүргеніміз сол.

Жоғалған адамдарды табуға құзырлы мекемелермен қатар еріктілер де көмектеседі. Олар іздеу салынғандардың суреттерін әлеуметтік желіге жүктеп, көпшіліктің назарына ұсынады. Сол арқылы көрген-білген кісілерден ақпарат алады. Өздері де оқиға орнына барып, із кеседі. Волонтерлардың бұндай жобаны қолға алғанына 4 жыл болыпты. Қазір Республика көлемінде бөлімшелері бар.

Никита Шведин, волонтер:

- 4 жылда бізге 3271 адам хабарласып, жақынының жоғалып кеткені туралы айтты. Біздің волонтерлар 1750 адамды тапты. Қалғандары іздестіріліп жатыр, болмаса, туыстарының өтініші бойынша іздеу тоқтатылды.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Өткен жылы Алматы облысында 678 адамға іздеу жарияланған. Тәртіп сақшылары соның 462-сін үш тәулік ішінде тауып, туыстарымен табыстырыпты. Ал, 200-ден аса кісінің қайда жүргенін жыл бойында анықтаған. 33 адамға қатысты іздеу жұмыстары күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы