378,40 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында ақ түтек боран соғып тұр

  • 159
  • UPD: 08:35, 24.01.2020
Павлодар облысында ақ түтек боран соғып тұр

Павлодар облысында да боранға байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктердің мәліметі бойынша қолайсыз ауа райы әлі бірнеше тәулікке созылады.

Желдің жылдамдығы секундына 20, ұйытқып соққанда 30 метрге жетуі мүмкін. Ақ түтек боранның салдарынан барлық бағытқа қатынайтын жолдар жабылды. Ауа райының күрт өзгеруі  коммуналдық саланың да жұмысын қиындатып жіберді. Арнайы техникалар қарды күреп үлгере алмай жатыр. Қазір барлық күш орталық көшелерге және адамдар көп жүретін жерлерге  бағытталған. Қандай да бір күрделі жағдай туындаған жоқ. Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген кестеде  жұмыс атқару үстінде. Өткен түні Екібастұз өңірінде жүкті әйелді перзентханаға апара  жатқан жедел жәрдем көлігіне көмек көрсетілді. Төртқұдық ауылынан шыққан көлік қалаға жақын қалғанда қарға батып қалған. Дер кезінде келіп жеткен көмектің арқасында әйел аман-есен босанды. Атап өтерлігі  Шідерті–Нұр-Сұлтан автожолының жабылғанына бірнеше күн болды. Онда 120 жүк көлігі, 20-ға жуық жеңіл көлік пен бір жолаушылар автобусы  күннің ашылуын күтіп тұр.  Сондай-ақ облыс бойынша боранға байланысты қысқартылған жұмыс күні жарияланды. 

Самат Асайынов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты ескертулер жасалып жатыр. Барлық жылыту қосындары жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні 5 адам медициналық көмекке жүгінді. Оларға жол бойындағы медициналық-құтқару бекетінің мамандары  көмек көрсетті. Барлығы есепке алынды. Біздің қызметкерлерімізбен,  жергілікті атқарушы билікпен арада  байланыс орнаған. Қажет болған жағдайда  жан-жақты көмек көрсетіледі.

Хабар 24 телеарнасы