418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда пәтер алаяқтарының арбауына түскендер соттың табалдырығын тоздырды

  • 329
  • UPD: 09:40, 24.01.2020

Ертіс өңірінде пәтер алаяқтарынан зардап шеккендердің ісіне нүкте қойылмай тұр. Бір топ азамат әлі күнге дейін құқықтарын қорғай алмай дал. Олар үйлерді заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан топтың арбауына түскен. Азаматтардың баспананы сатып алу жөніндегі құжаттары заңсыз деп танылды. Енді бұл пәтерлер мемлекеттің иелігіне өтуі мүмкін.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Ертіс өңірінде пәтер алаяқтарына қатысты атышулы қылмыстық істің қаралып жатқанына 10 жылдан асты. Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі соттарда ұйымдасқан топқа қатысты 67 том жатыр. Десе де, бүгінгі күні зардап шегушілердің ешқайсысы құқықтарын қорғай алмай жүр.

Танымал автошабандоз Яна Фоминских кезекті сот отырысына келді. 32 жастағы азаматша бір бөлмелі пәтерін әккі алаяқтарыдан сатып алғанын тергеуге шақырылғанда бір-ақ білген. Енді баспанасы мемлекеттің меншігіне өтуі мүмкін. 

Яна Фоминских, зардап шегуші:

- Біз кінәлі емеспіз. Пәтерлерімізді тапқан-таянған адал ақшамызға сатып алдық. Әрекеттердің барлығы заң жүзінде жасалды. Құқықтарымыз тапталып жатыр. Осылай сот табалдырығын тоздырып жүргенімізге екі жыл болды. Мен пәтердің заңды иесімін. 

Пәтерлерді рәсімдеу шаралары тиісті мекеме өкілдерінің қатысуымен өткен. Кейін бұл былықтың барлығы ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерінің айласы екені белгілі болды. Ал қылмыстық іске қатысы бар нотаруис өкілдері мен өзге тұлғалар жазадан құтылған. Заңгерлердің айтуынша, мемлекеттік орган үй иелерін сотқа бермес бұрын қожайынсыз қалған баспананы коммуналдық меншікке алуы тиіс. 

Бейбіт Әлішев, заңгер-кеңесші:

- Облыстық қаржы басқармасы мүделлі тұлға емес. Себебі, пәтерлер мемлекеттік органның балансына қойылмаған. Яғни, тұрғын үй нысандары коммуналдық меншікте емес. Мемлекеттік орган алдымен қайтыс болған пәтер иесінің мұрагерлері жоқ екенін дәлелдеп, баспана иесіз деп танылу керек. Бұл қателік бойынша біз жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіреміз. 

Бір қызығы, Павлодар қалалық қаржы бөлімі жылдар бойы бос тұрған үйлерді түгендемеген. Қазірде иесіз қалған 10-нан астам пәтер бойынша ақпарат бар. Бұл тұрғыда мамандар салғырттық танытып, нысанды иесіз ретінде меншікке алмаған. Тиісті орган оларға қатысты шара қолданбаған. 

Айдар Тастеміров, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы:

- Қылмыс дерегі анықталған жағдайда өз тарапымыздан тиісті шараларды қолға аламыз. Егер лауазымды тұлға міндеттерін дұрыс орындамаған және алаяқтармен сөз байласып, әрекет етсе. қылмыстық жаупакершілікке тартылады. Әзірге соттан жеке ұйғарым түскен жоқ. 

Қорғаушы тарап отырысты жалғастырмас бұрын қайтыс болған пәтер иесінің мұрагерлерін іздеп табу керектігін алға тартты. Бұл дерек расталуы керек. Айтылған өтініш қолдау тапты. Кезекті процесс екі аптадан соң өтпек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы