379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей қытайлық вирустың таралуының алдын алып жатыр

  • 233
  • UPD: 11:33, 24.01.2020

Ресей билігі Қытайда шыққан қауіпті аурудың өз аумағына тарауына қарсы шаралар қабылдап жатыр. Тұтынушылар құқықтарын қорғау қызметі өкілдері сырқатты анықтаудың арнайы әдісін жасап шығарғанын хабарлады. Бұл тәсілмен сараптама нәтижесі екі-үш  сағатта белгілі болады. Сонымен қатар Қытайдан елге туристердің келуіне тыйым салынуы мүмкін.

Қытайдан қатынайтын әуе рейстері мұқият тексеріліп жатыр.  Ресей әуежайларында шекара қызметі санитарлық бақылауды күшейтті. 

Татьяна Коровянская, РФ тұтынушылар құқығын қорғау қызметінің өкілі:

- Жолаушылар екі рет термометриядан өтеді. Алдымен ұшақ ішінде санитарлық-карантин бекетінің маманы дене температурасын өлшейді. Ал ұшып келгенде екінші рет тексеріледі. Әуежайларда орнатылған тепловизорлар дене қызуын өлшеп, мәліметті мониторға түсіреді. 

Хабаровск, Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларында күдік туғызған бес адамның ағзасында бұл вирус анықталған жоқ. Сонымен Ресей аумағында бұл қауіпті ауруды жұқтыру жағдайы әлі тіркелмеген. Дегенмен, Ресей мамандары қытайлық әріптестерімен бірлесіп белсенді қызмет етіп келеді. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, індеттің таралуына қарсы бүкіл тиісті шаралар қабылданды. 

Геннадий Онищенко, РФ Мемлекеттік Дума білім және ғылым комитеті төрағасының орынбасары:

- Әбігерге салынудың қажеті жоқ. Уханьда 12 миллион адам тұрады. Соншалықты тығыз қоныстанғанына қарамастан ауру тек жүздеген адамға жұққан. Дегенмен, бұл дерт 25 провинцияға тарап кетті. Аталмыш ауруға қарсы арнайы дәрі жоқ, бұрынғы әдістермен емдейміз. Сырқаттың ерекшеліктерін анықтауға кірістік.

Қытаймен іргелес Хабаровск, Благовещенск және Приморск өлкелерінен вирустың Ресейдің орталық өңіріне тарап кету қауіпі бар. Ресей мамандары осы кезде Қытайға саяхаттаудан бас тартуға шақырып отыр. 

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы