375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда 100-ге жуық отбасы болашақ баспаналарын даулап жүр

  • 137
  • UPD: 23:08, 24.01.2020

Олар өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа үйге кіруі тиіс еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ облыс орталығында салынып жатқан көп қабатты екі үйдің құрылысы созбалаңға салынып, дер кезінде игілікке берілмей қалған. Биыл салынып бітеді. Бірақ әлгі отбасыларға бұл жолы да бұйырмайды сыңайлы. Оған не себеп?

Пәтер алу үшін көп жылдар бойы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашқан петропавлдықтар бүгін аталған қаржы институтына арнайы келді. Оған мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасындағы өзгертулер түрткі болып отыр.

Дмитрий Демьяненко, қала тұрғыны:

– Осы жоба аясында пәтер алғым келді. Ол үшін төрт жыл бұрын шот ашып, ақша жинай бастадым. Арманымның орындалуына аз ғана уақыт қалғанда, заңнамаға өзгерістер енгізілді. Ал басқа бағдарламарға қатысу мен сияқты жандарға өте қиын. Себебі алатын пәтеріңнің жарты сомасын жинауың керек. Оның үстіне ескі үйлердің де бағасы тым қымбат.

Бұрын «Нұрлы жер» бойынша салынған жаңа пәтерлер кезекте тұрғандар мен өзге салымшылардың арасында теңдей бөлетін еді. Биылдан бастап тәртіп өзгерді.

Әмір Нұрмұқанов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ бөлім жетекшісі:

– Жаңа жарлық бойынша кезекте тұрған адамдарға ғана жаңа салынған үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 140 мың теңге тұрады. Бір шаршы метрі. Сол кісілер ғана оны ала алады. Ал сатылмай қалған пәтерлер болса, сол сатылмаған пәтерлерді қалған біздің салымшыларға тура брондау тәсілімен сата аламыз.

2019 жылы облыс орталығында аталған жоба аясында тек бір ғана көп қабатты үй пайдалануға берілді. Сондықтан тұрғындардың уайымдайтындай жөні бар. Ал тағы екеуін құрылысшылар уақытында аяқтап үлгермеді. Бар гәп осында болып тұр.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

– «Голден Хаус» компаниясы 75 пәтерлі үйді тапсыруы керек еді. Созбалап жүріп алғандықтан, біз оны сотқа бердік. Енді мемлекетке келтірген барлық шығынды өтеп беруі қажет. Қазір онда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Екінші нысан – 78 пәтерлі үй. Оның құрылысын «Акцент» фирмасы бастаған болатын. Қазір оған қатысты іс те сотта қаралып жатыр. Егер бұл екеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілгенде, мұндай мәселе туындамас еді. Ал биыл жаңа заңға сәйкес олар енді әкімдікте кезекте тұрғандарға беріледі.

Осылайша құрылыстың кешеуілдеуінен жүзге жуық адам жаңа баспанаға қол жеткізе алмай қалды. Енді олар Үкіметке арнайы хат жолдамақ. Бүгінде Петропавл қалалық әкімдігінде 14 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр.

Хабар 24 телеарнасы