376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түз тағыларының ауылға жақындауы ауа райының қолайсыздығынан – мамандар

  • 143
  • UPD: 21:37, 24.01.2020

Еліміздің біраз аймағында боран әлі басылған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен тәуліктен бері 8 облыстың бірқатар жолы жабылды. Сақылдаған сары аяз өзге түгілі түз тағыларын тығырыққа тіреген сыңайлы.

Қыстың басында Өскемен көшелерінде еліктің лағы адасып жүргенін айтқанбыз. Жақында қаладағы автотұрақтың бірін түлкі паналап жүргені белгілі болды. Ал Павлодар облысында ауыл-аймақты қасқырлар торуылдап жүр.

Павлодар өңіріндегі ауыл-аймақтардың маңында қасқырдың торуылдап жүргені туралы ақпарат әуелі әлеуметтік желіде тарады. Тіпті түз тағысын облыс орталығының іргесінен көргендер бар. Бірақ боранның кесірінен аңшылар ізіне түсе алмаған. Бір апта бұрын тапа-тал түсте Ақсу қаласында жүрген қасқырды аңшылар атып тастаған. Ал Шарбақты ауданындағы Сынтас ауылында ит-құс бір қора қойды қырып кетті. Түз тағыларының ауылға жақындауын мамандар ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр.

Владимир Перескоков, мемлекеттік инспектор:

– Қазір қасқырлардың әуегінен яғни үйірден бөлінетін кезі. Бұл кезеңді «бөрісырғақ» дейді. Дәл осы кезде көкжал-арландары үш-төрт жасар бөрілері мен құртқаларын қуып жібереді. Олар өздері әуек құру үшін бірнеше ай бойы бөлек жүреді. Жас бөрілерге қыс қатты болса, жеке-дара жүріп қорек табуы қиындайды. Сондықтан да ауыл-аймақты торуылдайды.

Қаңтар айы туа шығыста да ақборан арқырап тұр. Аяз бен үздіксіз соққан үскірікте қорек таба алмаған түз-тағылары Өскемен көшлерінде жүр. Қаладағы автотұрақтың бірін түлкі мекендеп алған. Сол маңдағы тұрғындардың айтуынша, ол тіпті адамға бауыр басып үлгерген. Қоректі де қолдан жейді.

Вера Ситало, қала тұрғыны:

– Осы маңдағы тұрғындардың бәрі осы түлкіге қамқор. Күнделікті бақылап, қоректендіріп жүр. Бірақ бұлай қалдыруға болмайды. Хайуанаттар бағы ма, әлде зоологиялық орталық қамқорлыққа алған дұрыс.

Ақтөбе аймағыда да ауа райы ашылмай, автокөлік жолдары жиі жабылып тұр. Сондықтан жол-патрулдік полициясы қызметкерлерінің жедел іс-шарасы ақпанға дейін жалғаспақ. Көлік жүргізушілеріне жолдың қауіпті аумақтары туралы ақпарат жазылған жаднымалар таратылуда. Ауа райын болжайтын мамандар алдағы күндері де аймақта тағы мол қар жауатынын айтады.

Нұрлыбек Айжарықов, облыстық төтенше жағдай департаментінің басқарма бастығы:

– Жалпы облыс көлемінде орын алып жатқан оқиғаларды ескере отырып, облыс тұрғындарын, жол жүргіншілерін ауа райына немесе жолдың жабылуына байланысты келіп жатқан хабарламаларға құлақ асып, жол жүру ережелерін сақтауын сұраймыз.

Ақмола облысында өткен тәулікте жолда қалған 57 жолаушы құтқарылды. Олардың қатарында шетелдіктер де бар. Түркиялық 8 азамат Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті жолында қарға кептелген. Бұл өңірде соңғы бірнеше күн бойы ауа райы өте қолайсыз болып тұр. Боранның салдарынан барлық бағыттағы жолдар жиі жабылып жатыр.

Қалың қардың кесірінен Қарағанды облысындағы Қарабас елді мекені маңында жолаушылар пойызының 4 вагоны рельстен шығып кетті. Нұр-Сұлтан қаласынан Жезқазғанға бағыт алған №108 пойыз «Марал-Нұр» ЖШС-не тиесілі. 16 вагонда 683 жолаушы болған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Қосымша вагон шығарылып, жолаушылар түнде сапарын жалғастырды. Станция басындағы жұмыскерлердің айтуынша, рельс сынып кеткен. Қазір ақаулы рельс ауыстырылып, 4 вагон жөндеуге жіберілген. Оқиға орнында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр. 

Мұрат Мусин, қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері:

– Пойыз құрамындағы 16 вагонда 683 жолаушы болған. Адамдар зардап шеккен жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында пойыздардың қозғалысы тоқталған жоқ. Сондай-ақ жолаушыларды межелі пунктке жеткізу үшін қосымша вагондар ұсынылды.

Шығыста да күн райы құбылып тұр. Қазгидрометтің болжамы бойынша, алдағы тәуліктерде аймақта ауа температурасы айтарлықтай жылынады.

Арқа мен Ақтөбеде ақборан әлі басылмай тұр. Ал шығыста өткен түнде Семей өңірі мен солтүстіктегі бірнеше аудандағы автокөлік жолдары жабылған. Бірақ Өскемен қаласы мен облыстың оңтүстігінде күн тып-тынық. Күн райы күрт жылынып қаладағы қалың қар еріп жатыр. Ауа райының бұлай жылынуын қазақ «мизамшуақ» дейді. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Ардақ Асылханұлы, Әнуарбек Мырзатайұлы, Қарлығаш Қасиетова, Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы