448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теміржолшылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті

  • 194
  • UPD: 09:30, 25.01.2020

Қазақстанның теміржолшылары екі күннен бері күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін олар мыңдаған шақырым жолды қардан тазартқан.

Елордадағы боранға байланысты «Нұрлы жол» вокзалының қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Тәулігіне 30-дан астам пойыз құрамын қабылдайтын станцияны тазартуға қажетті техника мен адам күші толық құрамда жұмыс істеп жатыр.

Темір жолды ақ ұлпадан уақытылы аршып алуға ең тиімді техника қар тазалайтын мына пойыз. Соңғы екі тәулікте 15 мың текше метр қар тасыды.

Самат Құрбанов, «Нұрлы жол» станциясының басшысы:

Биыл қар көп жауды. Уақытылы тазалау үшін барлығымыз жұмылып жатырмыз. Екінші ауысымның жұмысшыларын да шығардық.

Қолайсыз ауа райына байланысты елорда ғана емес, республиканың барлық өңірінің теміржолшылары күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Соның нәтижесінде 11 мың шақырым жол қардан тазарды. Барлығы 50 мың текше метр ақ ұлпа шығарылды.

Серік Жүсіпбеков, темір жол қатарының жетекшісі:

- Ауысымына жоқ дегенде 1500-2000 метр қар шығарылады. Бұл техникамен күндізгі ауысымда жұмыс істейміз, түнгі ауысымда жұмыс істейміз. Адам жетпегендіктен, біздің станцияның адамдары уақытпен санаспай, күні-түні осы жұмыстың үстінде. Нұр-Сұлтан жол станциясы бойынша мұндай 4 техника бар.

Мұндағылар рельс бойын тазартумен қатар пойыз құрамының техникалық жағдайын бақылайды. Апатқа себеп болуы мүмкін кез келген жағдайдың алдын алуға тырысады. Сондықтан көлік жүргізушілерін темір жол қиылысынан өтерде сақ болуға шақырды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Андрей Деменок, Ерзат Зайтхан

Хабар 24 телеарнасы