423,92 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде қызанақ пен қияр неге қымбат?

  • 1336
  • UPD: 15:55, 25.01.2020

Қыс түссе қызанақ пен қиярдың қымбаттайтыны бар. «Дегенмен, қазіргі баға еліміздің кәсіпкерлері үшін тиімсіз», - дейді Қазақстан жылыжайлары қауымдастығының өкілдері.

«Себебі, бізде қыс ұзақ, ал газ бен электр энергиясы қымбат», - дейді олар. Кейбір жылыжайлар, әсіресе солтүстіктегілер өз өнімдерін көршілес Ресейге сатуды жөн көреді.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Бұл – Алматыдағы ірі базардың бірі. Қызанақтың құны 600 теңгеден басталады. Ал қиярдың бағасы 700 және 1500 теңгенің аралығында. Қала тұрғындарына жақсы таныс ірі сауда желісіндегі баға да осының төңірегінде. «Қымбат болса да, қонақ шақырғанда немесе сағынып жегіміз келгенде аздап алып тұрамыз», - дейді алматылықтар.

Жәмилә Мамытова, қала тұрғыны:

- Анда-санда аламыз. Бағалары енді кішкене көтерілді. Қымбаттап кеткен. Енді өзіміздің қазақстандық өнімдерді қалаймыз әрқашанда.

Айнұр Сәмиден, қала тұрғыны:

- Қияр ме қызанақ қымбат. 1100, қызанақ кейде 800-1000 мың теңге болады.

Саудагерлер «біз көп үстемақы қоспаймыз» дейді. Өйткені базарда болсын, қаланың ішінде болсын, көкөніс сататын орындар көп. Яғни, бәсеке жоғары.

Салтанат Қадырова, сатушы:

- Мен 100 теңге қосамын, басқалары 50 теңге, 750-ге қояды ал мен 800-ге қоямын. Ал мен тұра беремін, кешке дейін бүйтіп, сосын 750-ден олар сата береді, сата береді. Біз 50 теңге ғана қоямыз. Ал базардың бәрі сондай баға ұстайды.

Қапшағай қаласының маңында орналасқан жылыжай 2013 жылы ашылған. Жылына 8 мың тонна өнім жинайды. Баға алынған өнімнің көлеміне және қыстағы күн райына байланысты. Қыс қатты болса, газ бен электр энергиясы көп пайдаланылады. Ол тауардың өзіндік құнына әсер етеді.

Мырзабек Бекмұханов, Жылыжай шаруашылығы бас директорының орынбасары:

- Ай сайын 300-400 тонна газ пайдаланамыз. Ал, энергияны 4 миллион киловаттан артық қолданатын уақыттар болады. Қазаннан бастап сәуірге дейін жасанды күн сәулесін беретін шамдарды көп қосамыз. Қызанақ пен қиярдың өзіндік құнының 50%-тен астамы энергияға жұмсалады. Сәуірден бастап күн жылынады. Сол себепті өнім бағасы да арзандайды.

Үлкен сауда желілері жылыжайдан тікелей сатып алады. Ал базарда сауда жасайтындар мен шағын дүкендегілер болса, «5 қорап үшін Қапшағайға бару тиімсіз», дейді. Олар көтерме саудамен айналысатын делдалдардың көмегіне жүгінеді.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Жылыжайда күніне 20 тоннадан 40 тоннаға дейін дайын өнім жиналады. Бірақ бұл жиналған өнімнің барлығын өздері тікелей сауда орындарына шығарып сата алмайды. Өйткені ол үшін қаншама жұмысшы жалдауға тура келеді.

Заманауи жылыжайлар елімізде 2009 жылдан бері жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда олардың көлемі 287 гектарға жетті. Бұл ішкі сұраныстың 65%-ін ғана қамтамасыз етеді. Қалғанын көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытайдан аламыз. «Шығынды жабудан бөлек, табыс болу үшін біраз өнімді Ресейге сатамыз», - дейді жылыжайлар қауымдастығы.

Қанат Қошман, Қазақстан жылыжайлары қауымдастығының президенті:

- Алтай өңірі, Челябинск, Новосибирск деген қалалар көбінесе бізден алып кетіп жатыр. Олар бізге әлдеқайда ұтымды баға беріп отыр. Сондықтан кейбір солтүстікте орналасқан жылыжайларымыз сол Ресейге жұмыс істеп жатыр. Оны жасыратын ештеңке жоқ.

«Қияр мен қызанақтың бағасы арзан әрі ішкі қажеттілікті 100% қамтамасыз ету үшін өнім көлемін арттыру керек», - дейді Қанат Қошман. Ал ол үшін тағы аумағы 300 гектар заманауи жылыжай салу қажет.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы