376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда алғаш рет гипотермиялық аппарат орнатылды

  • 170
  • UPD: 22:13, 25.01.2020

Бұл медициналық жабдық гипоксияның ауыр түрімен туған сәбилердің бас ми жасушаларын қалпына келтіруге көмектеседі. Жаңа құрылғы демеушілердің көмегімен облыстық перинаталдық орталыққа берілді.

Мамандардың айтуынша, туа сап шетінеген сәбилер өлімінің 60 пайызы тікелей гипоксиямен байланысты. Яғни орталық жүйке жүйесінің зақымданып, бас ми жасушалары бүлінеді. Соның салдарынан нәрестелер туғаннан кейін шетінеп кетіп жатады. Өткен жылдың өзінде облыстық перинаталдық орталықта 40 бала тыныс жетіспеушілігімен дүние есігін ашқан. Абырой болғанда қиындықпен болса да олардың барлығын дәрігерлер аман алып қалыпты. «Егер осындай гипотермиялық аппарат болғанда әлде қайда жеңіл болар еді»,-дейді ақ халаттылар.

Нұржан Махмұтов, №3 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

- Бұл аппарат өте нәзік және өмірлік маңызы бар жұмысты атқарады. Яғни өте мұқият, дәл мөлшермен қажетті температура деңгейінде нәрестенің денесін немесе бір бөлігін салқындатады. Тұрақты температуралық ықпал қан айналымын түзуге және сәбидің бас миы жасушаларын қалпына келтіруге көмектеседі. Сондай-ақ зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді.

17 млн теңге тұратын жабдық №3 облыстық перинаталдық орталыққа демеушілердің көмегімен сатып алынды. Әзір бұл өңірдегі баға жетпес  жалғыз аппарат. Перинаталдық орталық жаңа технологиялармен қамтылып жатыр. Мәселен, мұндағы медициналық газ беру жүйесі орталықтандырылған. Станция дыбысы науқастарға кедергі келтірмесін деп сыртқа орналастырылған.

Нұржан Махмұтов, №3 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

- Сонымен қатар орталыққа музыкалық терапия енгіздік. Дәліздер мен әр бөлмеге жеке-жеке колонка орнатылды. Олардан шыққан жанға жайлы баяу әуен ол да емделуге жақсы әсер етеді.

Өткен жылы Түркістан облысында бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе іске қосылды. Оның көмегімен мамандар барлық ауруханалар мен емханалардың жұмысын бақылай алады. Перзентханалардың жұмысы сандық жүйеге көшкен.

Ермек Тәжімұрат, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Перинаталдық орталықтарда факс жүйелерін орнаттық. Факс жүйесі дегеніміз ол – УЗИ, рентген аппаратарға түскен ақпаратты тікелей электрондық медициналық картаға жүктеледі. Кезкелген уақытта науқас өзінің 1 жыл немесе 1 ай бұрынғы кескіндерді жүктеп алуға, басқа қалаға барып көрсетуге болады.

Сондай-ақ өңірде бала туу көрсеткіші аздап төмендеген. Мәселен 2018 жылы 58237 бала дүниеге келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 55 мыңға дейін төмендеген. Оның себебін дәрігерлер де нақты айта алмайды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы