377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының Төлеби ауданында ағаштан түйін түйетін көп балалы ана тұрады

  • 441
  • UPD: 14:28, 26.01.2020

 

Қолының ебі бар келіншек өткен жылғы алған атаулы әлеуметтік көмекке ағаш жонатын құрылғы сатып алып, үйінен шеберхана ашқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдардың түр-түрін шығарып, дүкендерге өткізеді. Тапсырыс қабылдап, тұтынушының қалауын жасап береді.

Алты баланың анасы Зияда Әбдіқожаева ағаш жонатын қондырғыны ұршықша иіреді. Жастайынан кесте тігіп, келі түйген келіншек ағаштан бұйым жасауды да ерте меңгерген. Алғашында тұрмысқа қажетті қарапайым заттарды қызық үшін жасаса, қазір заманауи дүниелер шығарып жатыр. Көп балалы ананың тігін цехын ашпай, ағаш шеберханасын ашқаны бізді де қызықтырды.

Зияда Әбдіқожаева, көп балалы ана:

– Шеберхананы ашқан себебіміз, қазіргі таңда ешкім ағашпен жұмыс істегісі келмейді. Келешек ұрпаққа қазақи ыдыстарымызды, киіз үйлерімізді көрсету керек.

Істің көзін таба білетін көп балалы ана өткен жылы алған атаулы әлеуметтік көмектің қаржысына ағаш жонатын қондырғылар сатып алған. Сөйтіп үйінің ауласындағы шағын сарайды шеберханаға айналдырыпты. Осылайша ата кәсіпке деген сүйіспеншілігі кәсіпкерлікке ұласқан. Жолдасының да ағаш шабуға ебі бар. Мына дүниенің барлығын екеуі бірлесіп жасаған. Зияданың ендігі арманы – «Бизнес бастау» бағдарламасымен курс оқып, мемлекеттік грантқа ие болу. Ол қаржыға заманиуи жиһаз шығаратын қондырғылар сатып, кәсібін кеңейту.

Зияда Әбдіқожаева, көп балалы ана:

– Орындықтар, ас үй жиһаздарын жасасақ деген ниетіміз бар. Заманауи жиһаздар жасап, осы жерде тағы да кәсібімізді үлкейткім келеді. Үйренемін деген адам болса, үйреткім келеді.

Дулат Шарипов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Өз кәсібін ашып, тірлігін жасап жатқан отбасылар көп. Оның ішінде мал шаруашылығына, үй құстарына алғандар бар. Одан бөлек өзінің кішігірім дүкендерін ашқандар бар. Одан басқа ағаш ұстасы, темір ұстасының жасап жатқан тірліктері бар. Әрі қарай дамытуға біз биыл қайтарымсыз гранттарды ұсынамыз. 

Төлеби ауданында өткен жылы 4022 отбасы, яғни 22 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Оның ішінде 716 отбасы шартсыз, ал 3300-і жанұя шартты түрде қаржылай қолдауға ие болған. Ал биыл 1800 көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы