419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нарынқолда мемлекеттік мекемелер ашылып, қызмет алу жеңілдеді

  • 990
  • UPD: 18:21, 26.01.2020
Нарынқолда мемлекеттік мекемелер ашылып, қызмет алу жеңілдеді

Шекара шебінде жатқан Нарынқол Райымбек ауданының орталығы болып бөлінгелі қайта түледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі жыл ішінде ауылда бірнеше әлеуметтік және мемлекеттік мекеме салынды. Жаңа жұмыс орындарының ашылып, 2 мыңнан аса жас тұрақты қызметке тұрды. Қазір жергілікті халық үшін мемлекеттік қызмет алу да жеңілдей түскен.

Аудан бөлінбей тұрғанда нарынқолдықтар 90 шақырым жердегі Кегенге барып құжат жасататын. Өз алдына жеке әкімшілік аймақ атанып, мемлекеттік мекемелердің ашылуымен жағдай өзгерді. Енді Шатнұр Дүйсенбай сынды тұрғындар бар шаруасын бір күнде емес, бірер сағатта-ақ реттеп алады.

Шатнұр Дүйсенбай, аудан тұрғыны:

- Біреуге жалынып, біреуді жіберіп сөйтіп бітіретінбіз документті. Ауданымыз келгелі жақсы болды. Жүгіріп келіп шаруамызды бітіреміз. Бұл жердегі бәрі де біз үшін түсіндіріп, бізге қызмет қып жатыр.

Гүлзира Тоғанбаева, аудан тұрғыны:

- Қайнар ауылынан жалғызбасты ана ретінде әлеуметтік көмек алуға келдім. Қызметтері жақсы.

Өткен жылдың соңында Нарынқолда аудан әкімшілігі мен салық, қазынашылық, статистика және сервистік әкімдік ашылған болатын. Соңғысында жұмыспен қамту, білім, ауыл шаруашылығы сынды бірнеше бөлім орналасқан. Халыққа қызмет көрсететін мекемедегілердің дені жас мамандар.

Әйгерім Әбубәкір, аудандық жұмыспен қамту орталығының кеңесшісі:

- Жастар тәжірбиесінен өтіп, 4 айдан кейін тұрақты жұмысқа консультант ретінде орналастым. Біздің мекемені қарасақ, көбі жастар жұмыс істейді. Коллектив өте жақсы, ұйымшыл, осы жерде жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын.

Бірер айда Нарынқолдағы Халыққа қызмет көрсету орталығы да пайдалануға беріледі. 1160 шаршы метрлік нысанға бірнеше мекеме қоныстанбақ.

Ғалым Жусанбаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңағы кадастр бөлімі, АХАЖ бөлімі, халыққа қызмет көрсететін мекемелер орналасады. Жобалық құны 260 млн. Бүгінгі күні мердігер компания жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы 2020 жылдың ақпан айының соңына дейін тапсырамыз деп отыр.

Қазір аудан орталығында ҰҚК, Прокуратураға арналған ғимарат салынып жатыр. Полиция бөліміне қажет жапсаржай құрылысы қолға алынды. Одан бөлек, аудандық аурухананы да күрделі жөндеу көзделіп отыр. Жоспар жүзеге асса, Нарынқолдағы жаңартылған мекемелердің көрсеткіші 90%-ке жетеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы