418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ауыр халдегі 67 жастағы қазақстандық азаматша шұғыл елге жеткізілді

  • 511
  • UPD: 20:49, 26.01.2020

Елордадағы әуежайға Оңтүстік Кореядан ауыр халде бір жерлесіміз жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық авиация борты күндізгі сағат 14:00 шамасында ұшып келген. Науқасты елге жедел жеткізудің себебі не?

67 жастағы зейнеткер Оңтүстік Кореяға шипа іздеп барған. Өмірі үшін маңызды операция жасалуы керек-тін. 21 қаңтар күні Сеулге келе сала азаматшаның жағдайы ауырлаған. Сол себепті, 5 күн бойы интенсивті терапия бөлімінде жатқызылды. Бірақ отандық дәрігерлер ескерткендей, IV дәрежелі ішек обырын мұнда да пышақпен емдеу мүмкін емес болып шықты.

Зәуреш, науқастың қызы:

- Қазақстандық дәрігерлер қазан айында операция жасаймыз деді. Біз бас тарттық. Желтоқсанда көмек сұрап қайта барып ек, кешіккенімізді жеткізді. Өйткені метастазалар өкпеге ауып кетіпті. Сеулге ұшып келгенде операция жасайтын профессор құжаттарға қарады да, бізді келеді деп күтпегенін айтты. «Науқасты қараймыз деп едіңіздер» ғой дедім.

Зәуреш Оңтүстік Кореяда анасынан айырылып қалуы мүмкін екенін ұқты. Сол себепті, ертерек елге жетуге бел буған. Сөйтіп, Сеулдегі Қазақстан елшілігіне жүгінеді. Құжаттар Сыртқы істер министрлігіне, кейін Денсаулық сақтау министрлігіне жіберілді. Арнайы комиссия шешімімен қазақстандық ұшақ науқасты елге алып келді.

Зәуреш, науқастың қызы:

Осы жүгірісімен 17 мың доллар кетті. Интенсивті терапия бөлімінде жатудың өзі мың мен үш мың доллар аралығында. Осылайша, жедел шешім іздей бастадым. Эйр авиация арқылы солардың дәрігерімен шығатын болсам, қалтама салмақ түсетіндей болды.

Зәурештің анасы елге аман жеткізілді. Бұл биыл Оңтүстік Кореяға беттеген бірінші санавиация болатын. Өкінішке қарай өткен жылы Қазақстанға таң самалы елінен сонда көз жұмған 30 отандасымыздың мүрдесі жеткізілді. Оның екеуіне санитарлық авиация борты жіберілген. Айта кетейік, мұндай әрбір сапарға ел қазынасынан 100 мың доллар жұмсалады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы