377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай өңірінде пеш мұржаларының тазалығы тексерілді

  • 116
  • UPD: 22:41, 26.01.2020

Жылыту маусымы басталғалы Қостанай өңірінде көмірмен жылытылатын үйлерде 270-тен астам өрт тіркеліп, 22 адам көз жұмған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған пештегі ақаулар мен қарапайым қауіпсіздік ережелерінің ескерілмеуі себеп.

Мәселен, тұрғындардың басым бөлігі мұржаларын тазартуға атүсті қарайды. Ал оның соңы кісі өліміне әкеліп жатады. Осы орайда құтқарушылар жер үйлердің пеш құбырларын тазалап, улы газдан қорғайтын құрылғыларды көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға тегін орнатып жатыр.

Қостанай іргесіндегі Солнечный шағын ауданы. Мұндағы жер үйлер қыста пеш жағады. Сол себепті Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының басты назарында. Жергілікті тұрғындарға жылыту құралдарын қолданудың қауіпсіздігі жиі айтылады. «Бірақ пеш мұржаларын тазартуда олар енжарлық танытып жатады», - дейді мамандар.

Құрманғазы Тәуекелов, төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

- Көбінесе кездесетін кемшіліктер мұржалар тазартылмаған немесе пештерінде жарықтары бар. Соларды көрсетеміз. Сосын электр өткізгіштері дейді, солардың ашық жерлері болса, ескірген болса, соларды көрсетіп жатамыз. Мұржа тазартылмаған жағдайда түтін ішке кіреді де, адам өзі улы газ 3-4 демалғанға жетіп жатыр, өліп кетуі мүмкін.

Балтабай Әбішев – III топтағы мүгедек. Үйін жылытуда ағаш пен көмірді пайдаланады. Пеш мұржасын жылда өз күшімен тазалайды. Ал, бүгін құтқарушылар оны тегін тазалауға атсалысты. Арнайы құрылғы арқылы құбыр қас-қағым сәтте екінші дем алғандай болды. Негізі бұл қызмет түрі 3 мың теңгеден басталады. Осыған дейін 56 баспананың мұржасы тазаланыпты.

Алмас Бүгібаев, мұржа тазалаушы:

Пеш істен шығып, әбден бітелген жағдайда адамдар мені шақыртып жатады. Түтіндіктің құрылымын жақсы білгендіктен, тығындалған тұсын бірден тауып тазартамын. Мұржаға да күтім керек. Кемінде жылына бір рет тазартса жеткілікті.

Сондай-ақ Әбішевтер жанұясы баспанасына иіс сезгіш құрылғысы да тегін орнатылды. Газдың иісі сәл шықса, құрылғы дабыл қағып қауіптің алдын алады.

Балтабай Әбішев, қала тұрғыны:

Мұндайды ешқашан көрмегенмін, естімегем. Жаңа көшеде келе жатқан кезде ТЖ деп тоқтатып осындай қоямыз деді. Соған рұқсатымды бердім. Иіс шыққанда мынау шиқылдайды, сонда шығып кетуге болады. Маған солай түсіндіріп жатыр.

Былтырдан бері аймақта 536 үйге улы газдан қорғайтын құрылғы тегін орнатылған. Жалпы дабыл қаққышқа әлі 8500-дей әлеуметтік аз қамтылған отбасы мұқтаж.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы