418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


МӘМС жүйесін енгізу: түсіндіру жұмыстары сапасыз жүргізілген

  • 719
  • UPD: 09:56, 27.01.2020

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуде облыстарда кемшіліктер бар.

Атап айтсақ, халықтың бәрі бірдей ол туралы біле бермейді. Түсіндіру жұмыстары сапасыз жүргізілген. Мұндай сынды үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Сұрадық. Аңғарғанымыз, адамдар әлі де бұл жүйеден бейхабар. Қайда бару керектігін яки қанша жарна төленетінін, сақтандыру пакетіне қандай ем, тексеріс кіретінін білмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Медициналық қызметтерге шағымдар әлі де бар. Сала жеткілікті деңгейде қаржыландырылмай жатыр. Бұл ретте МӘМС зор үміт артылып отыр. Бірақ облыстарда оны енгізу мен түсіндіру жұмыстары сапасыз жүргізілген.

Мұндай сынды Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында айтып еді.
Сонымен биылғы 1 қаңтардан бастап елде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Екі бағыттта қызмет көрсетіледі.

Ақтолқын Сұлтанова, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры департаментінің менеджері:

- Біріншіден, кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Екіншісі - әлеуметтік медициналық сақтандыру.

Сонымен, осы екінші бағыт бойынша наурыздың 31-іне дейін ел азаматтары жарна төлеп, сақтандырылуы тиіс. Жұмыс істемейтіндер қорға ай сайын өзі үшін 2125 теңге аударуы қажет. Әйтпесе «сақтандырылған» деген статусты ала алмайды. Десе жедел жәрдеммен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілсе, оған тиісті ем жасалады. Терапевт те қабылдайды. Сақтандырылмаса да. Яғни бұл көмек кепілдендірілген тегін пакетке кіреді. Ал егер жоспарлы түрде тексерістен өтуі керек болғанда, медициналық қызметтердің құны жарна төлемеген азамат үшін ақылы болады. Яғни сақтандырылмағандықтан бұл адамдарға аурухана, емханаларда тегін қызмет көрсетілмейді. Ал жұмыс істейтіндер ше?

Ақтолқын Сұлтанова, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры департаментінің менеджері:
- Егер де біз мына жұмыс істейтін немесе жеке кәсіпкер деп аталатын азаматтарға тоқталсақ, жұмыс істейтіндер үшін жұмыс берушілер өздері төлеп отырады. Жұмыс берушілердің, кәсіпкерлердің ставкасы әртүрлі. Мысалы, жеке кәсіпкер 2925 теңге төлеуі тиіс. Жұмыс беруші өзінің жұмысшысы үшін жалақысынан 2 пайыз аударым төлейді. Ол жұмыс берушінің қалтасынан төленетін қаражат болып табылады, 1 пайыз жарна ұстап отырады. Ол әрбір азаматың жалақысынан ұстап отыратын жарна болып табылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлеуден кейбір азаматтар босатылды. Олар: 18 жасқа толмаған жасөспірімдер, студенттер, аяғы ауыр әйелдер, алтын алқа, күміс алқа иеленген көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер, түрмеде отырғандар, соты болып жатқан азаматтар. Бұл санаттағы адамдар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Жаңа жүйенің жай-жапсарын тұрғындар кәнігі емханалардан да білуге құқылы. Ақхалаттылар кеңес беріп, түсіндіруге міндетті.

Майра Ахметова, №2 қалалық емхана директорының орынбасары:
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру жайында азаматтар мына жерден де біле алады. Ол үшін смартфон қажет. Кюар кодпен жүйеге кірсе, ол адамға оператор сақтандыру туралы мәлімет береді. Немесе 1406 телефон нөміріне хабарласса да болады.

Сонымен 1 сәуірге дейін түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі. Мұны денсаулық сақтау министрі айтты. Ал Мемлекет басшысы бірде-бір азамат медициналық қызмет аясынан тыс қалмау керектігін қатаң ескертті. «Адамның сақтандыру мәртебесін анықтау барысында кез келген келіспеушілік емделушінің пайдасы үшін шешілуі керек», - деді Президент.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы