422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

МӘМС: БҚО тұрғындарының тең жартысы жеңілдікке ие 15 санатқа кіреді

  • 884
  • UPD: 09:54, 27.01.2020

Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының тең жартысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы мемлекет есебінен төленетін жеңілдікке ие 15 санатқа кіреді.

Қазіргі таңда аймақ тұрғындарының 90 проценттен астамы емханаларға тіркеліп, кепілдендірілген көлемдегі медициналық көмек алуда. Мамандардың айтуынша, сақтандыру жүйесінің жай-жапсарын халыққа түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Медициналық сақтандыру жүйесі ел тұрғындарын түгел қамтиды. Сарапшылардың айтуынша, бұл істе жарна көлемі маңызды емес. Басы ауырып балтыры сыздаған кез келген жастағы ел азаматы табысының көлеміне қарамастан көрсетілетін барлық медициналық қызмет түрлерін толық пайдалануға құқылы. «Мәселен, бағасы аспандап тұрған  диагностикалық немесе зертханалық тексерулер, дәрі-дәрмек пен стационарлық оңалту шаралары енді халыққа қолжетімді болады», – дейді мамандар.

Нұржамал Жұмағұлова, «Әлеуметтік сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры: 

– Біріншіден, жұмыс істейтін кісіге оның жұмыс берушісі ақшасын төлеп отыр, төлем бар. Оны кез келген жұмыскер тексеріп біліп отыруға болады. Не береді? Жаңағы айтылған пакеттердің барлық түрлерін қолдануға болады.

Тұрғындар өздерінің қандай санатқа жататыны жөніндегі мәліметті емханалардан анықтай алады. Мұнда келетіндердің дені зейнеткерлер десек, медицина саласындағы соны жаңалықтан олардың да білері аз екен:  

Ағиба Жұмахметова,  қала тұрғыны: 

– Әзірге ешқандай да өзгерісті көріп тұрған жоқпын. Біздің емханаларда түсіндіру жұмыстары көбірек жүргізілсе дейміз. Дәрігерлер санын көбейтсе. Қазір тегін ұсынылатын қызметпен бірге ақылы бөлімдердің де бар екенін көріп жүрміз. Болашақта олар қалай жұмыс істейді, ол жағынан әзірге бейхабармыз.      

Шолпан Махмудова, қала тұрғыны:

– Бұрын адамдар ұзын сонар кезекке тұрмас үшін жеке клиникаларды жағалайтын. Оған шамасы келмейтіндер амалсыз айлап күтеді. Ал жаңа жылдан кейін қандай өзгерістер болатыны әзірге маған беймәлім. Енді әлеуметтік сақтандыру қорымен келісімшартқа тұрған клиникаларға мемлекет қаржы бөлетіндіктен, олар да өз қызметін халыққа тегін ұсынатын болар деген үміттеміз.  

Әзірге емханалар мен ауруханаларда барлық медициналық қызмет түрлері ақылы негізде көрсетіліп жатқаны рас. Жаңа жүйе бойынша науқастарға кімге қаралған тиімді? Көпшілік көкейіндегі осындай сауалдарға қатысты сала мамандары былай дейді:

Ерлан Мұқанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Өз еркімен емханаларда тегін өте алады, барлығын қаралып, дәрігерге қаралу, қымбат тексерістер бар КТ МРТ бар, ИФА ПЦР деген, соның бәріне қалтасынан ақша шығармайды, қордың ақшасынан өтуге болады. Енді өз еркімен тексерілісті тездетемін деп тағы басқа ойлармен өтетін болса, біз оларға қарсылық білдіре алмаймыз. Ол деген мекемелердің өздерінің қосымша табыстары ғой.

Дина Есляшева, емхананың бас мейірбикесі:

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының электронды жүйесі халықтың қай емханаға тіркелгенін мәліметтер базасының көмегімен анықтап, мәртебесін белгілейді. Егер емделуші туралы дерек бұл базада жоқ болып шықса, 1 сәуірге дейін шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Біз ешкімге де медициналық көмек көрсетуден бас тартпаймыз.   

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуімен бірге қаржыландыру көлемі де артты. Мәселен, былтыр аймақта бұл мақсатқа 34 миллиард теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 10 миллиардқа артық. Сақтандыру жүйесі аясында өңірде 46 денсаулық сақтау ұйымы халыққа медициналық көмек көрсетеді.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы