437,98 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Боран қашан басылады

  • 396
  • UPD: 23:05, 27.01.2020

Неше күннен бері қыс қаһарына мініп тұр.

Ел бойынша кешелі бері жүздеген адам діттеген жеріне жете алмады. Жолда қалғандардың арасында сәбилер де бар. Басқа емес, бас шаһардың өзінде төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жарым тәуліктің ішінде ел аумақтарында республикалық маңызға ие жолдардың 48 бөлігі, яғни 23 проценті жабылды. Далада екі мыңнан аса көлік қалды. Оның 1400-і қар құрсауынан шығарылды. 2 мың адам қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Арасында 100 шақты бала бар. Десе де, жолда әлі де көліктер тұр.

Бір ғана елорда маңынан 100-ге жуық жүк транспортын көрдік. Діттеген жерлеріне жете алар емес.

Нұрлан Егізбаев, жолаушы:

– Екінші тәулік болды тұрғанымызға. Жанармай таусылып жатыр. Қажымұқанға дейін баратындарды жіберіп жатыр. Әрі қарай жол жоқ дейді. Ертең кешке болады дейді.

Жүк көліктерінің жолда қалғаны өз алдына. Ал кейбір көліктер тіпті қар астында қалған.

Әмір Ахметжанов, жолаушы:

– Кеше жанармай бітті. Сосын тастап кетіп қалдым. Қазір трактор келеді.

Ақмола облысы мен елорда аумағында жел секундына 23, кей жерлерде 28 метрге дейін соққандықтан, ахуал ушығып кетті. Елордада бүгін төтенше жағдай жарияланды. Әуежайда барлық рейс тоқтатылды. Мектептер мен колледждерде сабақ болмады.

Юрий Ильин, ҚР ІІМ орынбасары:

– Ең қиын жағдай өткен түні болды. Ескертулерге қарамай адамдар жолға шығып кетті. Салдарынан далада қалды. Дені Нұр-Сұлтан мен Щучинск тас жолында. Қазір қар құрсауында 500-дей көлік жатыр. Оларды діттеген жеріне жеткізу әзірге мүмкін болмай тұр. Ең бастысы адамдардың үсіп кетуі не қайтыс болуы туралы факті тіркелген жоқ.

Еліміздің жолдарындағы жағдай әлі де жақсара қоймады. 28 жол бөлігі жабық. Ішкі істер министрі жағдайдың қиын екенін мәлімдеп, азаматтарға үйде отыруға кеңес берді. Әсіресе Нұр-Сұлтан мен Ақмола облысында күн райы қаһарынан қайтар емес. Мамандардың болжамынша, дауыл әлі басылмайды. Қайта бүгін түнде жел үдей түспек. Одан соң бет қаритын аяз болады.

Алуа Саханова, «Қазгидромет» РМК орталығының басқарма басшысы:

– Қаңтардың 27-сі мен 28-і күндері Нұр-Сұлтан қаласында тұрақсыз ауа райы сақталады. Қар жауумен қатар, бұрқасын соғып, оңтүстік-батыстан ұйытқитын жел күшейеді. Қазір ауа температурасы елордада -3-5 градус болса, қаңтардың 29-ы мен 30-ына қарай сынап бағанасы 24-26 градусқа дейін төмендейді.

Жолдағы адамдар мен техникаларды құтқару үшін өткен екі тәуліктің ішінде полиция қызметкерлері, төтенше жағдай мамандары, әскерилер бар, ұзын ырғасы 2 мыңдай адам мен 700-ге жуық техника жұмылдырылды. Құтқарылған азаматтар үшін бас қалада 4 қонақ үй дайындалды. Бірақ мұнымен жұмыс біткен жоқ. Себебі жолда әлі де жүздеген адам бар. Елордада төтенше жағдай комитетінің дағдарыс орталығы жұмыс істеуде. Көмек сұрап, адамдар мына нөмірге хабарласа алады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы