376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сәрсенбіде жел басылып, аязды күндер басталады – синоптиктер

  • 236
  • UPD: 23:11, 27.01.2020

Елімізде ақтүтек боранның беті қайтпай, жұртты әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен демалыс күндері Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының ескертулеріне қарамастан, алыс сапарға шығып, жолда қалған мыңнан астам адам құтқарылды.

Қалың қар салдарынан жедел медициналық қызмет көліктері діттеген жерлеріне жете алмай жатыр. Өкінішке қарай, ауа райының бұзылуы Павлодар облысындағы бес адамның өмірін қиды.     

Солтүстік Қазақстан облысында ақтүтек бораннан барлық бағыттағы жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Өткен демалыс күндері төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қар құрсауынан 150 жолаушыны құтқарды. Дәл қазір өңірде ауа райы бұзылып тұр. Соған қарамастан жолға шығып, батып қалғандар жетерлік дейді мамандар. Мысалы, Ғабит Мүсірепов ауданында 10 бірдей көлік пен бір автобус кептеліп қалған. 

Ерік Сарыбаев, ТЖД бастығының орынбасары:

– 1-2 метр жерден көрінбейтіндей боран болды. Осыған байланысты 20 км жерде қалып қойған техникадағы адамдарды құтқарудың өзіне құтқарушылар 3-4 сағат жүріп барды. Сонымен қатар қардың үйіліп, боранның салдарынан машинаны көміп тастаған жағдайлар болды.

Қарағанды облысында барлық бағыттағы жолдар жабық. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері бүгін жаппай сабақтан босатылған. Түнде басталған боран әлі де сейілмей тұр. Өткен түнде төтенше жағдай қызметінің мамандары 319 адамды қар құрсауынан шығарған. Қазір 82 адам жылыту бекеттеріне орналастырылды.

Қолайсыз ауа райы Павлодар облысында бес адамның өмірін қиды. Екі адам жол апатынан қаза тапса, өрт сөндірушілер жеткенше Надаров ауылының үш тұрғыны өрт болған үйде тірідей жанып кетті. Сондай-ақ бораннан Екібастұз қаласындағы ірі сауда үйінің шатыры жерге құлаған. Темір конструкциялары электр желілерін үзіп, екі көпқабатты үйді жарықсыз қалдырды.

Самат Асайынов, ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жетті. Қар басқан учаскелер көп кездесті. Өтуде қиындықтар болды. Сондықтан Надаровка ауылынан К-700 көлігі қарсы шығып, жолды тазалады. 47 шақырымды өтуге бір сағат жұмсадық.

Ақмола облысында жолда қалған көліктерді құзырлы органдардың мамандары діттеген жерлеріне аман-есен жетулеріне көмектесуде. Алайда облыстың бірқатар жолдарында жүздеген көлік әлі қар құрсауында жатыр. Оларды қардан шығару үшін 150 техника жұмылдырылған.

Манарбек Шапағатов, ТЖД бастығығының орынбасары:

– Блокбекеттерде тұрған көліктердің біразы жол ашылар деген үмітпен күтіп тұрса, жүк көліктерінің жүргізушілері бағалы заттарын тастап кете алмайды. Біз олармен хабарласып, керек болса барып қарап тұрмыз. Ал қарда қалған техникаларды қазір біртіндеп шығарып жатырмыз.

Үздіксіз соққан боранның кесірінен Қостанай облысындағы Қамысты ауданында ұзын-сонар көлік кептелісі болған. Әлеуметтік желі қолданушылардың айтуынша, Ливанов ауылына дейін жол тазаланса, әрі қарай көлік қозғалысына тыйым салынған. Аймақта күре жолдар бітеліп, елді мекендерді қалың қар басты. Соның салдарынан медициналық көмекке мұқтаж болған жүкті әйел шалғай ауылдан аудандық ауруханаға құтқарушылардың көмегімен жеткізіліпті. 

Уәлихан Досанов,ТЖД баспасөз хатшысы:

– Соңғы екі тәулікте құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Қостанай, Денисов, Алтынсарин, Майлин аудандарының аумағында жолда қалғандарға көмек көрсетілді. Жанкелдин, Аманкелді аудандары мен Арқалық қаласының төңірегінде қар құрсауында қамалғандар болды. Барлығы жолда қалған 23 көлік шығарылып, 121 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Олардың алтауы – бала.

Облыс бойынша бұрқасын әлі екі күн сақталады. Сәрсенбіден бастап жел басылып, аяз болады деп мәлімдеді синоптиктер.

Қостанай облысында өткен маусыммен салыстырғанда 3 есе көп қар жауды. 

Коммуналдық сала мамандары күшейтілген тәртіптегі жұмысқа көшкен. Бұл мақсатта 150 арнайы техника жұмылдырылған. Жыл басынан бері қала сыртына 550 мың текше метр ақ ұлпа полигонға шығарылды.

Өскеменде қала әкімінің орынбасарынан бастап, барлық коммуналдық сала басшылары қар тазалау жұмыстарына кіріскен. Полицейлер де араласып, ақ ұлпаны тазалауға кедергі келтірген көліктерді айыппұл тұрағына әкетіп жатыр. Соңғы екі күнде сондай 12 темір тұлпар жол шетінен алынған. Кей уақытта қар күреу және шығару жұмысын жылдамдату үшін көшелер 2-3 сағатқа жабылып жатыр.

Тамара Рахымжанова, қала әкімінің орынбасары:

– Соңғы екі-үш күнде қала көшелерін қардан тазартуға 90 техника жұмылдырылды. Кеше түнде 104 техника шықса, бүгін күндіз 78 арнайы техника жүр. Көбінесе грейдерлерді қолданып жатырмыз. Ең алдымен аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өтетін жол бөліктерін тазартуға басымдылық беріп отырмыз. Жұмысты үзіліссіз жүргізу үшін полиция қызметкерлері де көмектесуде.

Ақтөбе облысында да екі бірдей ауданаралық бағыттағы жол жабық тұр. Өткен демалыс күндері төтенше жағдай департаменті мен жергілікті полиция қызметі өкілдері қалың қар басқан жолдардан 32 адамды құтқарды. 113 жолаушы жылыту бекеттеріне жеткізілді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы