377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында дәрігерлер инфаркт алған азаматты екі шақырым бойы көтеріп барған

  • 82
  • UPD: 09:30, 28.01.2020
Павлодар облысында дәрігерлер инфаркт алған азаматты екі шақырым бойы көтеріп барған

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан Павлодар облысында 400-ге жуық көлік тұрып қалған.

Себебі қар тазалау техникасы жеткіліксіз.
Павлодар-Нұр-Сұлтан автобанының Ақмола облысымен шекаралас учаскесінде 30-дан астам жүк көлігі кезек күтіп тұр. Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, 112 қызметіне қоңырау шалушылардың қарасы қалың.

Қолайсыз ауа райы жедел медициналық қызмет мамандарын да әбігерге салды. Дәрігерлер инфаркт алған 67 жастағы азаматты екі шақырым бойы көтеріп, реанимобильге жеткізген. Қардың қалыңдығынан көлік сырқаттың үйіне жете алмапты. Оқиға облыс орталығына жақын маңдағы Жетекші ауылында болды.

Өңірде төтенше жағдай режимі енгізілген жоқ, дегенмен қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.

Метеорологиялық қызмет мамандарының хабарлауынша, соңғы күндері түскен қардың көлемі екі айлық нормадан асқан. Сондықтан көктемге дайындықты әзірден бастаған жөн. Биылғы қыстағы жағдай үш жыл бұрын байқалған.

Галина Шпак, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Қар еру кезеңі ұзаққа созылуы мүмкін. Баянауыл, Ақтоғай аудандарында қар өте көп. Осындай жағдай 2017 жылы тіркелген. Сол кезде үйлер су астында қалған. Сол себепті су тасқынына дайындалу қажет.

Арыстан Дүйсенбаев, облыстық ПД Әкімшілік полиция департаменті бастығының орынбасары:

– Бүгінде облыс жолдарында қар тазалау жұмыстарына 52 арнайы техника тартылды. Қар тазалайтын техника жетпей жатыр. Нормативке сәйкес бір жол машинасы 25-30 шақырымды тазалау керек. Ал өңірде небары 20 техника бар. Сондықтан учаскелерді дер кезінде тазарта алмай отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы