424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын жедел әрі мұқият пысықтау қажет – Р.Дәленов

  • 458
  • UPD: 10:46, 28.01.2020
Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын жедел әрі мұқият пысықтау қажет – Р.Дәленов

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша шаралар туралы ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Р.Дәленов баяндама жасады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Жалпы 80-нен астам тапсырма берілді.

Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша шаралар кешенін ұсынды.

Р.Дәленов орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық даму жоспарын әзірлеп, үш заң актісін қабылдау қажет екенін айтты. Бұл – жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» заң, Бюджет кодексіне өзгерістер және Денсаулық кодексі. Сондай-ақ үш бағдарламалық құжатты бекіту қажеттігі айтылды. Бұл – Ақша-несие саясатының стратегиясы, Сауда саясаты бағдарламасы және Су ресурстарын басқару бағдарламасы.

«Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын мазмұнды әрі жедел пысықтау қажет. Осыған байланысты премьер-министрдің төрағалығымен Үкіметте жұмыс тобын құру ұсынылады», – деді ұлттық экономика министрі.

Жұмыс тобы шеңберінде 10 шағын топты айқындау ұсынылады. Бұл топтар Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын қамтиды. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары шағын топтарды басқарады және оларға дербес жауапкершілік жүктеледі.

Әрбір шағын топтың шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іс жүзінде орындауға бағытталған нақты шаралар әзірленуде.

1. Салық-бюджет саясаты бойынша (ҰЭМ) мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығы үшін ашық және прагматикалық саясат құру бойынша шаралар әзірленетін болады. Барлық салықтық преференциялар мен жеңілдіктер олардың тиімділігі тұрғысынан талданады. Биыл 1 шілдеге дейінгі мерзімде Бюджет кодексіне контрциклдік бюджет қағидаларын бекіту бойынша өзгерістер енгізіледі;

2. Ақша-кредит саясаты мен қаржы секторы бойынша (ҰБ мен ҚНРДА) инфляция мен экономикалық өсу арасындағы консенсусқа қол жеткізуге бағытталған шаралар әзірленетін болады. 1 шілдеге дейін ақша-кредит саясаты стратегиясы және хеджирлеу инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту және ұлттық төлем жүйесін құру бойынша шаралар әзірленбек;

3. Мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор бойынша (ҰЭМ) құзыреттілік пен тиімділікті арттыруға және дебюрократияға қатысты шаралар әзірленетін болады. 1 мамырға дейін нәтижесіз шығыстарды қысқарту бойынша шаралар қабылданады. Сонымен бірге ауыртпалықсыз кейінге қалдыруға болатын мемлекеттік шығыстардың тізбесі айқындалмақ;

4. Кәсіпкерлікті, бәсекелестікті дамыту және мемлекет меншігінен алу бойынша (ҰЭМ) кешенді шаралар іске асырылады. Бұл – нарықты монополиясыздандыру, әкімшілік және экономикалық кедергілерді жою, сондай-ақ бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қол жеткізуін қамтамасыз ету;

Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мен консультациялар алуын оңайлату мақсатында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай терезесі құрылатын болады. Жекешелендіруге жататын объектілердің тізімі кеңейтілмек.

5. Агроөнеркәсіптік кешен бойынша (АШМ) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және Агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалады. Осы жылдың соңына дейін Су ресурстарын басқару бағдарламасы әзірленетін болады;

6. Өнеркәсіп және құрылыс бойынша (ИИДМ) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды, қайта өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту жөнінде, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылданбақ. Қосылған құнның жаһандық тізбегіне ену жөніндегі, сонымен қатар экспортты арттыру және әртараптандыру бойынша шаралар іске асырылатын болады. Одан басқа тұрғын үй салу және инфрақұрылымды сапалы дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады. Биыл жыл соңына дейін жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылданады;

7. Сауда саясаты бойынша (СИМ) бағдарлама әзірленбек. Өткізу нарықтарына қол жеткізуді қамтамасыз ету және электрондық сауданы дамыту бойынша шаралар іске асырылатын болады;

8. Әлеуметтік саясат бойынша (ЕХӘҚМ) әлеуметтік саладағы заңнамаға түгендеу жүргізіледі. Биылғы 1 шілдеге дейін елдің зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша тәсілдер мен шешімдер әзірленетін болады;

9. Денсаулық сақтау саласында (ДСМ) медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша шаралар, оның ішінде Денсаулық кодексі қабылданады. Кодекстің жобасы ашық және кеңінен талқыланады;

10. Білім беру бойынша (БҒМ) педагогтарды даярлау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Ғылыми-өндірістік кластерлер құру және адами капиталды дамыту бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылғы 15 мамырға дейін Орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық даму жоспары қабылданатын болады. Жұмыс тобы әзірлеген негізгі шаралар жоспарға енеді. Әрбір орталық мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган белсенді қатысады», – деп түйіндеді Р.Дәленов.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы