427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында өз кәсібін ашып, АӘК-тен бас тартқан көп балалы ана тұрады

  • 540
  • UPD: 13:35, 28.01.2020

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың саны азайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, былтыр Сайрам ауданында 12 мың отбасы аталмыш қолдау түрін алуға өтініш берсе, биыл олардың саны 5600-ге дейін азайған. Есесіне мемлекеттік грант ұтып алып, оған өз кәсібін ашып, тіршілігін түзеп отырған отбасылардың қатары көбейіп келеді.

Гүлжамал Төлегенованың 5 баласы бар. Жолдасы – 2 топ мүгедегі. Бірақ көп балалы ана көкке қол жайып ешкімнен көмек сұрамайды. Бар болғаны мемлекеттің өзіне ұсынған мүмкіндігін пайдаланып, отбасын асырап отыр. Өзі мен еңбегіне ғана сенетін ісмер ана өткен жылы «Бизнес бастау» бағдарламасымен тігіншілік курсын оқып, 505 мың грант ұтып алыпты. Оған екі тігін мәшинесін сатып алып, өз кәсібін ашқан. Шағын ғана болса да, тапсырыс берушілер көп. Өзге ауданнан да іздеп келушілер бар. Қалдықыз Тоштаева Бәдібек ауданынан келіп, көйлек тіктіріп жатыр екен.

Қалдықыз Тоштаева, Бәйдібек ауданының тұрғыны:

– Көп жыл болды. Барлық тапсырысты тігіп береді. Көйлек, халат, пальтоларымызды тігіп береді. Балаларымыздың да киімдерін тігіп береді. Бұрын үйіне барып тіктіріп жүргенбіз. Енді мынау арнайы жұмыс орны болған соң осы жерге де тіктіруге келдік. Өте жақсы, ұқыпты тігеді. Ойыңдағыдай барлық тапсырыстар орындалады. Жақсы.

Гүлжамалдың ендігі арманы – кәсібін кеңейту. Қасына көмекшілер алып, тапсырыс көлемін ұлғайту. Тек көрпе, жастық пен киім-кешек қана емес, жиын-тойға ұялмай киіп баратын заманауи киім үлгілерін тіксем дейді. Оған тәжірибесі де, таланты да жетеді. Бастысы, кәсібіне деген адалдық басым.

Гүлжамал Төлегенова, көп балалы ана:

– Өзім ұнатқаннан кейін осы кәсіпті ашсам деген мақсат болды. Ары қарай бала-шағамды асырасам деп. Жаман емес, жақсы машиналар алдым. Барлық жұмыс өз ойымнан шығып жатыр. Ары қарай дамытсақ деген ой бар. Жалғыз көрпеше тікпеймін, киім де тігемін, киім пішумен айналысамын. Уақыты келсе, жұмысшы алсам деген ойым бар.

Өткен жылы Сайрам ауданында 11890 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш білдірген. Оларға республикалық және жергілікті бюджеттен 5 млрд 427 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті. Олардың арасында 238 отбасы өз кәсібін ашып, кедейшілік шегінен шыққан. 776 отбасы 505 мың теңге арнайы грантқа ие болыпты.

Нұрлан Сарыбеков, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Биыл бізге 5600 отбасы, яғни 71 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек беру жоспарланып отыр. Оның ішінде қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекке 1080 отбасы өтініш берді. Қазір олар учаскелік комиссияға ұсынылуда.

Мамандардың айтуынша, өңірде атаулы әлеуметтік көмек пен грант жеңіп алып, өз кәсібін ашып, тұрмысын түзеген отбасылардың саны артып келеді. Соның нәтижесінде жылдан-жылға атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың да саны азайып келе жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы