429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақкөлден елордаға жеткендер жолда бірнеше тәулік түнеген

  • 427
  • UPD: 21:49, 28.01.2020

Ақтүтек боранның салдарынан бірнеше күн бойы үйлеріне жете алмай, қар құрсауында қалған 150 көлік елордаға аман-есен жетті. Ақкөл қаласынан таңғы тоғызда шыққан көш бас қалаға шамамен 3 сағат жүріп келді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция мен құтқарушылар жолға бірге шықты. Айта кетейік, кей жүргізушілер мен жолаушылар тас жолда бірнеше тәулік түнеген.

Арқаның ақтүтек бораны көз байлап, көру қашықтығын едәуір азайтса да 150 көлігі бар көш бас қалаға дін аман жетті. Жолаушылардан маза кеткен, жүргізушілер әбден қажыған. Алайда бастысы, сапар сәтті аяқталып, адам аман қалды.  

- МЧС, бәрі көмектесіп келе жатырмыз ғой. Адам бар жерге келдік қой, бірдеңесі болар. 

- Масқара ғой ол жағы. Мына кісілердің арқасында алып шығып, келе жатырмыз. 

Жалпы Ақмола облысын төтенше жағдайлар комитеті жіті бақылап отыр. Себебі, қазір елімізде ахуалы күрделі екі аймақ болса, бірі осы Ақмола. Мәселен, елорда іргесіндегі Талапкер, Қажымұқан сияқты елді мекендердің өзіне құтқарушылардың жедел барып, жолды қардан тазартуы мұң болып отыр. Қазір бұл облыста 300-ден астам көлік қар құрсауында қалған. Соңғы 5 күнде мұнда 1 мыңнан астам жүргізуші мен жолаушы құтқарылса, оның 36-ы аяғы ауыр әйелдер екен. 

Бауыржан Сыздықов, қалалық ТЖД бастығы:

- Ол 36-ның екеуі қалаға аман-есен жетіп, босанды. Біреуі ұл босанды, кеше біреуі қыз босанды. Сонда біздің айтуымызға болады 1020 + 2 деп қазіргі таңда.  

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 23 қаңтардан бастап қазірге дейін республика бойынша жолда қалған 4 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Оның 375-і балалар. Бұдан бөлек құтқарушылар қарға батқан 2200 көлікті алып шығыпты.   

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі:

- Ақмола облысында көріп отырсыздар, жолдың бәрі жабық – Павлодар, Ақтөбе облысы. Қазір Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жол ашылды. Бірақ Ақтөбенің Ресей шекарасының маңы жабық, Павлодарда Ресей шекарасының маңы жабық. Қостанай, Ақмола облыстарында жол жабық.  

Материал эфирге дайындалғанша Ақкөлден Елордаға тағы 58 жеңіл және 32 жүк көлігі жетіпті. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы