381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі жолдар қардан тазартылып жатыр

  • 194
  • UPD: 00:01, 30.01.2020

Ертең Алматы-Екатеринбург тас жолының Талапкер, Қажымұқан елді мекендерінің маңайындағы бөлігі қардан толық тазартылады. Осылайша бұл ауылдардың бас қаламен арадағы байланысы қайта жанданып, көлік қозғалысы бұрынғы қалпына келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін «Қазтавтожол» ұлттық компаниясының басшысы тілшілерге осылай деді. Сондай-ақ, ол бұл жұмыстардың неге ерте басталмағанын да айтып берді

Бұл – тас жолдың Елорда іргесіндегі Талапкер мен Қажымұқан ауылдарының маңайындағы бөлігі. Қалыңдығы кісі бойынан асып түсетін қар мен Арқаның ақ түтек бораны бұл елді мекендерді әбден әбігерге салып, көлік қозғалысын тоқтатып тастады. Сондықтан мұндағы жағдайды көруге жолға жауапты компанияның басшысы келіп, неге бұл жұмыстардың ерте басталмағанын түсіндіруге тырысты.

Ұлан Әліпов, «Қазавтожол» ҰК басқарма төрағасы:

– Боран соғып тұрған кезде біз жол тазалаған жоқпыз, тек құтқару жұмыстарымен айналыстық. Жолға шығып кеткен, қалған машиналарды шығарып алу, құтқару сияқты жұмыстармен айналыстық. Боранның уақытында қалың қарды тазалау мүмкін болмады. Боран тоқтаған соң, таңертеңнен тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Әзірге жолдың бұл бөлігінде көзімізге жалғыз техника түсті. Қалғаны қалың қардан көрінбейді. Жалпы, компания өкілдерінің айтуынша, Ақмола облысында 105 техника мен 300-ден астам маман тыным таппай жұмыс істеп жатқан көрінеді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жолдың бір бөлігіне, нақтырақ айтсақ 132 шақырымға бірнеше адам мен санаулы техника жауапты екен.

Сайлау Айжапаров,  «Қазавтожол» ҰК бас инженері:

– Көп жағдайда жәй ғана түсіністік керек. Мәселен, тас жолды талазап жатқанымызда көліктер көп кедергі жасайды. Кейде кептелістің кесірінен не алға, не артқа жүре алмай қаламыз. Алдағы уақытта боранды күндері полиция көліктерді ұзақ жолға шығармаса дұрыс болар еді. Сонда жолда ешкім қалмайды әрі біз де өз жұмысымызды тез істейміз. 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің 6 облысындағы 18 тас жолдың кей бөліктерінде қозғалыс шектелді. Олардың арасында ұзақтығы бойынша дәл осы Алматы – Екатеринбург бағыты көш бастап тұр.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Әлеуметтік желіні шарлап кеткен «Талапкер» деген жазу естеріңізде болар. Ол түрлі пікірталастарға себеп болды. Біреулер оны рас деді, екінші біреулері «фотошоп» деді. Алайда жауған қардың қалыңдығына қарап оның рас екеніне көз жеткізесің. Айтпақшы, біз сол жазуды тауып алып, түсірмек болдық. Алайда қалың қарға байланысты оған жете алмадық.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Серік Қоңырбаев

Хабар 24 телеарнасы