420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында балалар суицидінің алдын алуға 44 млн теңге қаржы бөлінген

  • 1156
  • UPD: 16:17, 30.01.2020
Түркістан облысында балалар суицидінің алдын алуға 44 млн теңге қаржы бөлінген

Түркістан облысында жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында жаңа жоба қолға алынды. Тұлғалық дамыту орталығының «Бестерек» жобасы аясында өңірдегі 1 мың 277 педагог-психолог кезең-кезеңімен қайта даярлаудан өтуде.

Оған жергілікті бюджеттен 44 млн теңге қаржы бөлінген. Мамандар 25 мамырға дейін білімін жетілдіреді. Бұған дейін өңірдегі Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал және Түркістан аудан-қалаларында мектеп пен отбасына психологиялық көмек беру бойынша екі жоба қолға алынған. Бүгінгі таңда орталық жоба аясында Келес ауданында тәуекел тобына жататын 52 бала мен ата-анаға психологиялық кеңес беріп, қолдау көрсетті.

Айта кетейік, 2018 жылы облыста 106 суицид тіркелсе, оның 41-і қайғылы жағдайда аяқталған.

Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Бұл жұмыс қазір қоғамда да, біздің басқарма тарапынан күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Мұны күнделікті қадағалап отырмыз. Әр қала-аудандар да әкімнің тікелей қарауында. Бірқатар ауданда жақсы жұмыстар бар. Психологтар ұйымдасып, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі барлығы топтасып, дер кезінде мәселенің алдын алып отыр. Статистиканы 0 деген деңгейге жеткізгенге дейін біз жұмысты жалғастыратын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы