376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Диқандар қолданатын қар тоқтату технологиясының пайдасы неде

  • 140
  • UPD: 21:18, 30.01.2020

Қардың қалың түсуі мен жел екпінінің күшеюі диқаншыларға майдай жақты.

Олар трактормен егіс алқаптарын тілгілеп, сол аумаққа қарды жинай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы арқылы өнімділік көлемін кемінде 30 пайызға арттыруды көздеп отыр.

Егін егу науқаны көктемде емес, қыста басталуы керек. Өйткені, қарды тоқтату технологиясы кейін өнім алғанда шешуші рөлді атқарады. Бұл жөнінде бізге астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары айтып берді. Олар оны Ақмола облысындағы мыңдаған гектарға қолданып көрген. Нәтиже кәдімгідей көңіл көншітерлік. Әр гектердан 5-7 центерге дейін артық өнім алыныпты.

Алаңдағы қардың қалыңдығы қазір шамамен 40-45 см-ді құрайды. Ал арнайы технологияның көмегімен оның биіктігін көктемге дейін 50, тіпті 60 см-ге жеткізуге болатынын айтады мамандар. Ол үшін кәдімгі трактор мен қарды тазалайтын құрылғы болса жеткілікті. Осындай үлкен алаңдарды араға 4-5 метр салып, түгелдей жыртып шығу керек. Бұл технологияны жылына 1 рет, мүмкіндік болса 2 рет қолданып тұрған абзал дейді мамандар.

Бақыт Ирмулатов, астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы директорының орынбасары:

– Трактор тіліп өткен аумақтарға тағы да қар жиналып, оның қалыңдығы өсе береді. Ал көктемде оның бәрі жерге сіңіп, топырақтағы ылғал көлемі артады. Соған сәйкес, алынатын өнім көлемі де көп болады. Әсіресе, жауын-шашын аз болатын жылдары бұл технологияның пайдасы керемет.

Қарды тоқтату технологиясы негізі өткен ғасырдың 60-жылдары пайда болды. Дәл осы Александр Бараев атындағы орталық мамандары оны ойлап тауып, Кеңес одағының қысы қатты аймақтарына енгізген. Бірақ тәуелсіздік алған жылдары біртіндеп қолданысы азайды. Бертін келе, тіптен ұмытыла бастады. Енді отандық мамандар оны одан сайын жетілдіріп, қайта жандандыруды көздеп отыр.

Кенже Абдуллаев, астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры:

– Бұл өте жақсы технология. Біздің ғалымдар көп жылдық зерттеудің арқасында жылына 5 центнерден аса өнімді қосады. Өткен жылы күзде дайындадық. Айналамыздағы шаруалар 11 центнерден алып жатқанда, біз 16-20 центнер аралығында үлкен өнім алдық.

Қазір бұл технологияны еліміздегі ірі шауашылық өкілдері қолданады. Ал орта және шағын егіс алқаптарында ондай белсенділік жоқ. Бұл ақпараттық насихаттың аздығына байланысты. Басқа жағынан қалтаға салмақ салатыны тағы бар. Бірақ қалай болғанда да оны пайдаланған диқанның ұтыларынан ұтары көп дейді мамандар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы