378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да сапасыз жолды қабылдаған басшыға қатысты тергеу басталды

  • 112
  • UPD: 21:50, 30.01.2020

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Заградовка ауылына салынған жолды кемшіліктермен қабылдап, құжаттарға қол қойып жіберген. Бұл мәселені арнамыздың аймақтағы тілшілері көтерген болатын.

Былтыр Заградовка ауылының тұрғындары қатты қуанды. Елді мекенге көптен күткен жол салынды. Бірақ сапасы көңілден шықпады.

Юрий Шоль, Заградовка ауылының тұрғыны:

– Бұл жерде құрылыс технологиясы бұзылған. Қалай болса солай жасалды. Бір ғана мысал, қиыршық тас пен цементті дұрыс араластырмай салды. Қайдан сапа болсын!?

6 шақырым жолға 340 млн теңге бөлінген. Жаңа асфальт 2 ай өтпей, ойылып қалды. Бұл туралы прокурорлар аудандық әкімдікке хат жолдаған. Бірақ шенеуніктер оған құлақ аспай, құжаттарға қол қойып жіберген.

Бұл – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы. Оның айтуынша, асфальтталған алты шақырымға 56 жол белгісі орнатылған. Бірақ біреуін көрген тірі жан жоқ. Қайрат Имантаев «ұрланды» деп салды.

Басшы сөзінде тұрып, «ұрлық» туралы арыз жазды. Бірақ жол белгілерін полицейлер таба алмапты. Прокурорлар да тұрғындармен тілдескен. Көрдім деген кісі жоқ. Ал оларды орнатқан кәсіпкер болды деп отыр.

Эдуард Шандер, мердігер ұйымның директоры:

– Шынымды айтсам, жол белгілері туралы түк түсінбедім. Келдік, орнаттық. Суретке түсіріп алу керек еді. Енді көктемде тағы барып қоямыз. Әкімдікпен осылай келістік.

Ұрлық расталмады. Енді Есіл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен кәсіпкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Асылбек Қоңыратов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

– Жемқорлыққа қарсы қызметімен сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталды. Тергеу құпиясына байланысты басқа мәлімет айтылмайды. Бұл жағдай облыстық прокуратураның бақылауында болады.

Заградовка ауылының тұрғындары бұл жолды жылдар бойы күтті. Олардың айтуынша, қазір қатып қалған жол жер жібігесін ойылып қалуы мүмкін. Сондықтан халық енді билік өкілдері бұл мәселеге бей-жай қарамаса екен дейді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы