418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында мектептерді ішкі әжетханамен қамту мәселесі қалай шешілуде

  • 450
  • UPD: 21:51, 30.01.2020

Қызылорда облысында 106 мектептің әжетханасы ғимарат сыртында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзекті мәселе ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін оң шешімін табуы тиіс. Келісілген мерзім ішінде аймақтағы барлық қала, аудан, ауыл әкімдері балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта жасауға міндетті.

Өңірде 162 мыңнан аса бала білім алатын 293 мектеп бар. Оның жүзден астамы – кеңес дәуірі кезінде салынған нысандар. Көбісінде кәріз жүйесі қарастырылмаған. Оқушыға зорлық-зомбылық жасалған Тараздағы оқиғадан кейін білім ұйымдары ішкі әжетхана жүйесін жүргізуге жаппай кірісіп кетті. Соның бірі – Қызылорданың шеткі аймағында орналасқан №253 мектеп. 1976 жылы бой көтерген білім беру мекемесінің мыңнан астам оқушысы сыртқы және ішкі әжетхананы қоса пайдаланып жүр.    

БЛИЦ:

– Күн жылығанда даладағы әжетханаға барамыз. Қыс басталғанда мектеп ішінде ашылады.

– 1-қабаттағы әжетханаға барамын. Күн жылы болса далаға барамыз.

Феруза Әбзиева, №253 мектеп директорының орынбасары:

– Міндетті түрде бақылауда болады. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мұғалімдерден кезекшілік қойылады. Мектеп инспекторы міндетті түрде бақылауға алып, жұмыс жасайды. Мектеп камерамен қамтылған, әр бұрышында 8 камера бар. Сол 8 камера арқылы бәрі бақыланып отырады.

Бағдат Бердәулетов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Осы мәселені шешу мақсатында жергілікті аудан, қала әкімдеріне сыртта орналасқан әжетханаларды мектеп ғимараты ішіне ауыстыру жөнінде тапсырма беріліп отыр. Мәселе тұрақты бақылауда. Жаңа оқу жылына 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін мәселе толығымен шешіледі деп күтілуде.

Қала іргесіндегі Абай ауылдық округіндегі №138 мектептің даладағы 8 секциялы әжетханасының есігіне жуырда қара құлып салынған. Ғимараттың 3 қабатында да оқушыларға жайлы жағдай жасалған. Ауыл балаларын тек мектептің шалғайлығы мен автобустың сирек қатынауы қиналтады екен.

Гүлмира Қалиева, ауыл тұрғыны:

– 3 балам қатынап оқиды. Автобус мәселесі қиын болып тұр. Автобус берсе екен деймін тағы да. Сосын жарық орнатып берсе. Шибөріден қорқады.

Сыр өңіріндегі білім ошақтары мен балабақшалары ішкі әжетханамен қатар бейнебақылау камераларымен де толық қамтылуы тиіс.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы